Жасымық өсіру - болашақ табыс кепілі: ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері үшін жаңа мүмкіндіктер


Ғылыми мақалалар
Қазіргі күні аграрлық кәсіпорындардың экономикалық жағдайын жақсартудың тиімді шешімдерінің бірі - қымбат бағаланатын ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру. Жасымық - сондай дақылдардың бірі.
Жасымық қайда өсіріледі?

Жасымық (LensesculentaMoench) -ауыл шаруашылығында ежелден өсіріліп келе жатқан дақыл. Жасымық түрлі мақсаттарда: азық-түлік, мал азығы ретінде және техникалық қажеттіліктерге пайдаланылады. Жасымық дәні тағам өнеркәсібінде белоктық препараттарды, шұжық пен консерві өнімдерін, сондай-ақ, шоколад, конфет, тәтті тоқаш өнімдерінің кей түрлерін әзірлеу үшін пайдаланылады. Бұл дақыл биологиялық құндылығы жоғары, жеңіл қорытылатын белоктың маңызды продуценті саналады. Түр-түріне қарай, тұқымның құрамындағы оның үлесі 26-31 пайыз аралығында болады.

Қазіргі күні жасымық Қазақстанда, негізінен, солтүстік аймақта өсіріледі. Ал әлемдік деңгейдегі ірі жасымық өндіруші ел -Канада (әлемдік экспорттың 50 пайызына жуығы), бұл елде жасымық өндірісі, негізінен алғанда, Саскачеван штатында шоғырланған. Табиғи-климаттық жағдайлары жағынан Саскачеван мен біздің Солтүстік Қазақстан аймағы ұқсас келеді. Сондай-ақ, теңіз порттарының қашық болуына байланысты көлік шығындарының жоғарылығы; әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда, негізгі ауылшаруашылығы дақылдарының, мысалы бидай мен арпаның өнімділік әлеуетінің (1,0-2,5 т/га) төмендігі секілді агроэкономикалық көрсеткіштерде де ұқсастықтар бар.

Бұрынғы КСРО-ның басқа елдерінде де жасымық өндірісінің өсімі байқалады. 2015 жылы Ресейде өсім 30 мың тонна шамасында болды. 2016 жылы Украинада 8 мың гектарға жасымық егілді. Бұл ел жасымық алқаптарының көлемін жылдан-жылға ұлғайтуды көздеп отыр.

Жасымық дақылын өндіру мен өткізудің әлеуеті айтарлықтай жоғары. Канададан жасымық сатып алатын елдердің тізімінде Қазақстанға жақын орналасқан мемлекеттер де тұр, бұл аталмыш дақылды өткізу мен сыртқы нарықта жоғары деңгейдегі бәсекелестік қабілетке ие болуға үлкен мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді. Жасымықты импорттаушы елдердің ең негізгілері: Үндістан (631212,032 тонна), Түркия (427894,016 тонна), Араб Әмірлігі (181459,344 тонна) және Египет (105949,28 тонна).

Тұқым сапасы дақыл сапасына қалай әсер етеді?

Сапасы жоғары дақылдар өндірісінде озық тұқымды пайдаланудың маңызы зор. Бұл шаруашылықты тез әрі белсенді түрде дамытуға жол ашады. Егер себілген тұқымның сапасы төмен болса, тиімді агротехника мен заманауи әдістердің өзі оң нәтиже бермейді.

Жасымық, бұршаққа қарағанда, құрғақшылыққа төзімді келеді, зиянкестер мен өсімдік ауруларына дес бере қоймайды, жапырылып құлап қалмайды. Төменгі дәндердің 15-16 см биіктікте орналасуы өнімді жинап алуға оң әсерін тигізеді.

Жасымық егудің тағы бір маңызды тұсы, оны өсірген алқапты соңынан басқа ауылшаруашылығы дақылдары үшін тиімді пайдалануға болады. Жасымық өсімдігі түйнектік бактериялармен бірлесіп атмосфералық азот жиып, оны өсіп-өну процесіне пайдаланады. Осы азоттың бір бөлігі (40-90 кг/га) топырақта қалады.

Жасымықтың негізгі өзек тамырдан тарайтын тамырлық жүйесі 100 сантиметр тереңдікке дейін жетеді, мықты болады, топырақтың үстіңгі қабатында біркелкі, қалың орналасады. Сонымен қоса, жасымықтың тамыр жүйесі басқа өсімдіктерге қиынға түсетін топырақ фосфаттарын оңай ыдыратады. Іс жүзінде жасымық, түрлі түйіршіктік құрамына қарамастан, кез-келген топыраққа өсіп шыға алады.

Өсіп-өну кезінде жасымық өзінің биологиялық құндылығын жоғалтып алмауы үшін, оған басқа дақылдардан гөрі көбірек көңіл бөлу қажет, сондай-ақ бұл істе агроном-мамандардан ғана емес, олардың нұсқау-кеңестерін жүзеге асыратын орындаушылардан да жоғары біліктілік талап етіледі. Жасымық өсіруді қолға алғанда, оның биологиялық ерекшеліктерін және одан неғұрлым мол өнім алуға бағытталған технологиялық әдістер кешенін жақсы білу керек.

Қазақстанда жасымық өсірудің ерекшеліктері

Ауылшаруашылығы өндірушілері үшін жасымық алқаптарын ұлғайту, оның өнімділігі мен сапасын арттыру жолындағы қиындықтар, негізінен, оны өсіру технологиясын зерттеп-білу деңгейінің жеткіліксіздігі мен аудандастырылған сорттардың жоқтығынан  туындап отыр. Жасымық өндірісін мемлекет тарапынан субсидиялау да бұл іске қарқын берген болар еді. Бұл орайда мәселенің шешімі —  тиісті деңгейде қаржыландыру көзделе отырып, бұршақ тұқымдастарды өсіруге бағытталған бағдарлама әзірлеу.

Бұрын Қазақстанда жасымық 6-7 мың гектардан аспайтын алқапқа ғана өсірілетін. Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде жақын жылдары жасымық алқабының көлемі 250 мың гектарға дейін жетеді деген болжам айтқан еді. Ал біздің пікірімізше, солтүстік өңірлерде жасымық егісінің көлемін 2-2,5 миллион гектарға дейін ұлғайту және бұл үшін дақыл түрлері кезектестіріліп отыратын ауыспалы егістік қалыптастыру қажет.

Жасымық егілген алқап басқа ауыл шаруашылығы дақылдары үшін пайдалы. Өсіп-өну барысында жасымық топырақ құрамындағы азоттың көбеюіне ықпал етеді. Өз кезегінде бұл топырақ құрамының жақсаруына, топырақта қалған жасымық тамыры қалдықтарының әсерінен өнімділікті арттыруға, азотты тыңайтқыштарға деген сұранысты  айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді. Жасымық егілген алқапта кейіннен, тыңайтқыштың аз қолданылғанына қарамастан, бидай дәндерінің сапасы төмендемейтін болады.

А.Бараев атындағы Астық шаруашылы ғылыми-өндірістік орталығының мәліметтері бойынша, жасымықтан соң егілген жаздық бидайдың шығымдылығы пар айдалған егістіктегімен бірдей болады. Ақмола облысындағы «Агрофирма Поиск» ЖШС-ында жасымық өндірісінің өзін-өзі ақтау көрсеткіші 269 пайыз болды. Бір тонна жасымық бұршағы әр жылдары 80-140 мың теңге аралығындағы бағамен сатылған, бұл бидай бағасымен салыстырғанда, 2-4 есе жоғары. Орташа алғанда, әр гектардан 9,5 центнер өнім жиналып, бір тонна дақыл 140 мың теңгеге сатылған жағдайда, 2178,7 млн. гектар алқаптан жиналған 2069,7 мың тонна өнімнің жалпы құны 289767,1 млн. теңге болады. Бұл өндіріске жұмсалған және бидай өндірісінің кемуінен туындаған шығындардың орнын еселеп толтырады.

Трейдерлер ақпараты бойынша, кей жылдары Қазақстанда қызыл жасымықтың құны тоннасына 550 долларға, ал жасыл жасымықтың құны тоннасына 700-800 долларға дейін көтеріледі.

Жасымықты сатып алушы елдер қатарында Қазақстанға жақын орналасқан мемлекеттер — Түркиядан бөлек, Үндістан, Иран, Бангладеш, сондай-ақ Шығыс Азия мемлекеттері бар. Демек, сұраныс ұзақ жылдарға жалғасады және жасымық дақылын ірі көлемде жоғары бағаға өткізуге болады. Еуропада да жасымыққа деген сұраныс артып келеді, өйткені ол жақта қазір бойына зиянды химиялық заттар мен радионуклидтерді жинақтамайтын «органикалық» өнімдерге деген сұраныс жоғары, ал жасымық нақ сондай өнімдер қатарына жатады.  

Қорыта айтқанда, жасымық егілетін алқаптар көлемін ұлғайту арқылы  ауыспалы егістікті жетілдіре түсуге, азотты тыңайтқышты аз қолдану есебінен қаржы үнемдеуге және топырақтың құнарлылығын сақтауға болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында бұл бағытты қолдау біздің еліміздің экспорттық әлеуетін көтеріп, экономикалық жағынан айтарлықтай пайда табу үшін, жасымық бұршағы өндірісін арттыруға жол ашады.

К.Қ.АБДУЛЛАЕВ,
А.И.Бараев атындағы
АШҒӨО-ның директоры
скачать dle 12.0
4 946 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх