KAZ | RUS | ENG

МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАР СЕЛЕКЦИЯСЫ ЗЕРТХАНАСЫ

Майлы дақылдар селекциясы бойынша жұмыстар 1937 жылы басталды.
Майлы дақылдар селекциясы бойынша жұмыстарды 1937 жылы бұрынғы Шортанды тәжірибелік стансасында  В.П. Кузьмин қолға алды. Жергілікті жағдайларда майлы дақылдарды өсірудің болашағы қандай болмақ, сондай-ақ олардың құндылығын, экономикалық тиімділігін анықтау мақсатында зерттеулер жүргізілді, селекцияға қойылатын міндеттер айқындалды. Әсіресе, күнбағыс, зығыр, арыш және көкшіл қыша егу тиімді деп табылды.

1938 жылы басталған жұмыстар биологиялық қасиеттері жөнінен ең қолайлысы Атбасар ауданында өсетін күнбағыс екенін көрсетті. Бұл материал арқылы кәдуілгі көп мәрте жеке-әулеттік іріктеу нұсқасы бойынша, оған қоса кеңістікті-қашықтықты топтық оқшауланған бөліктерде «сыңарларын» егуді қатар жүргізе отырып, сорттарды іріктеу жұмыстары жасалды.

Ұзақ үзілістен кейін зығыр селекциясы 1958 жылы қайта қолға алынды.

Аудандық атқару комитеттері мен институттың Қазақстандағы тұқымдық-бақылау зертханалары арқылы табанды түрде жүргізілген ізденістердің нәтижесінде, жергілікті зығырдан үлкен коллекциялық материал жиналып, кейіннен ол Бүкілресейлік өсімдік шаруашылығы институтының (БӨИ) әлемдік коллекциясынан және Кеңес Одағының тәжірибелік стансаларынан алынған үлгілермен толықты. Басқа ауыл шаруашылығы дақылдары секілді, майлы зығырға қатысты жүргізілген селекциялық жұмыстар барысында да, жергілікті селекциялық материалды жетілдіре түсу мақсатында бір мәрте және көп мәрте жеке сұрыптау жүргізуге баса көңіл аударылды.

Селекция кезінде жергілікті жерде өсетін зығыр негізгі материал ретінде пайдаланылды. 1964 жылы елімізде аудандастырылған 25 сорттың 12-сінің өз жерімізге тән зығыр түрлерінен жекелей және жалпылай іріктеу арқылы алынған сорт болуы тегіннен-тегін емес еді.

1969 жылы Қазақстанда майлы дақылдар егістігі көлемінің қысқартылуына және институт құрылымдарының қайта жасақталуына байланысты, майлы дақылдар селекциясы бағытындағы жұмыстар тоқтатылды.

Майлы дақылдар селекциясы зертханасы 1992 жылы қайта ұйымдастырылды. Оны В.И.Зинченко басқарды. Жаңа құрылған зертхана қызметкерлерінің алдына қойылған негізгі міндет — Солтүстік Қазақстанның табиғат жағдайларындағы өндірістің талаптарына сай келетін жаздық рапс сорттарын алу еді. 1992 жылы жаздық рапстың экологиялық-географиялық шығу тегі әртүрлі (Канада, Жапония, Швейцария, Батыс Сібір, Алтай өлкесі, т.б.) 45 үлгісі алынып, солардың негізінде селекциялық жұмыстар басталды.

1993 жылы зертханада күнбағыстың экологиялық-географиялық шығу тегі әртүрлі (Солтүстік Кавказ, Батыс Сібір, Еділ бойы, Шығыс Қазақстан, т.б.) 41 үлгісі жинақталды. 1994 жылы В.И.Зинченконың жұмыстан кетуіне байланысты, А.Т.Бабкенов зертхана меңгерушісі болып тағайындалды. 1995 жылы жазғы рапсты гибридтеу бағытында алғашқы қадамдар жасалды. 1996 жылы А.Т.Бабкеновтің басқа жұмысқа кетуіне байланысты, майлы дақылдар селекциясы зертханасы мен жарма дақылдары селекциясы зертханасы біріктіріліп, жарма және майлы дақылдар селекциясы бөлімі құрылды, оны В.И.Коберницкий басқарды. 1998 жылы күнбағысты будандастыру жұмыстары жүргізілді.

1999 жылы институттың ғылыми басшылығы майлы дақылдар селекциясы бойынша жұмыстарды жалғастыру және дәнді-бұршақ дақылдары бойынша зерттеулерді бастау керек деген шешімге келіп, осы орайда майлы дақылдар селекциясы бөлімшесі базасында майлы және дәнді-бұршақ селекциясы зертханасы ашылды. Оның меңгерушісі болып Р.М. Сүлейменов тағайындалды.

Майлы дақылдарға деген сұраныстың артуымен бірге, зертханадағы жұмыстар көлемі де жоспарлы түрде көбейді. Сондықтан 2001 жылдың 2 сәуірінен бастап зертхана дәнді-бұршақ дақылдарының гендік қоры және майлы дақылдар селекциясы зертханасы атанды, 2002 жылдың 7 тамызында зертхана қатты бидай селекциясы зертханасымен біріктірілді, сөйтіп 2003 жылдың 23 ақпанында қатты бидай, дәнді-бұршақ және майлы дақылдар селекциясы бөлімі құрылды. Басқа ғылыми-зерттеу институттарымен шығармашылық байланыстар аясы кеңейе түсті.

2005 жылы зертханаға БӨИ-дің әлемдік коллекциясынан жаздық рапстың — 10, жаздық мақсарының — 10, сояның — 20 және күнбағыстың 5 сорты алынды. 2017 жылы Р.М. Сүлейменовтің орнына И.П.Ошергина бөлім меңгерушісі болып тағайындалды.

Ғылыми бағыттары
— селекция, биотехнология, дәнді-бұршақ (бұршақ, жасымық, нут) және майлы (жаздық рапс пен күнбағыс) дақылдардың бастапқы тұқым шаруашылығы.

Ғылыми жетістіктері:

— Бұршақтың Касиб сорты. 19.03.2014 жылғы №413 патент.

— Бұршақтың Статус сорты. 21.04.2016 жылғы №661 патент.

— Жасымықтың Шырайлы сорты. 8.12.2017 жылғы №791 патент.

— Жасымықтың Крапинка сорты. 8.12.2017 жылғы №792 патент.

— Нуттың Дуэт Азии сорты. 2.11.2017 жылғы №786 патент.

— Жасымықтың Сакура сорты. Мемлекеттік сорт сынағына табысталған. 2017 жыл.

— Бұршақтың Өріс сорты. Мемлекеттік сорт сынағына табысталған. 2017 жыл.

— Күнбағыстың Шуақты сорты. 13.04.2012 жылғы №228 патент.

— Рапстың Майбұлақ сорты. 25.04.2013 жылғы №300 патент.

— Рапстың Майлы дән сорты. 15.04.2015 жылғы №551 патент.

— Күнбағыстың Сочинский сорты. 19.05.2016 жылғы №664 патент.

— Күнбағыстың Жайдарман сорты. 13.04.2012 жылғы №666 патент.

— Күнбағыстың Күн нұры сорты. 08.12.2012 жылғы №793 патент.

— Күнбағыстың Майланған сорты. Мемлекеттік сорт сынағына табысталған. 2017 жыл.

— Рапстың Осирис сорты. Мемлекеттік сорт сынағына табысталған. 2017 жыл.

Халықаралық қарым-қатынастар мен байланыстар: Ұлттық зерттеу университеттерімен, халықаралық орталықтармен, сондай-ақ, Н.И.Вавилов атындағы БӨИ, дәнді-бұршақтар бойынша IKARDA, Краснодардағы В.С. Пустовойта атындағы БМДҒЗИ, Өскемендегі Шығыс Қазақстан АШҒЗИ және шетелдік фирмалармен майлы дақылдар бойынша шығармашылық байланыстар орнатылған.скачать dle 12.0
36 -рет қаралды

Басқа да


Наверх Наверх