Селекция: Дәнді дақылдардан тұрақты өнім алуды қамтамасыз ету


Жаңалықтар
Ауылшаруашылығы өндірісінің негізі - астық шаруашылығы.
Халықтың азық-түлікке деген сұранысы күннен-күнге өсіп келеді, осы сұранысты қамтамасыз ету, сондай-ақ мал шаруашылығын толыққанды азықпен қамту мәселелері астық шаруашылығын дамыту арқылы шешіледі. Солтүстік Қазақстанда астық өндірісі, қалыптасқан дәстүрге жүгінсек, бидай, арпа, сұлы, тары және басқа дәнді дақылдарды өсіруге негізделген. Дәнді дақылдар өсіру — Қазақстанның ауылшаруашылығы өндірісінің жетекші саласы. Соңғы жылдары барлық ауылшаруашылығы дақылдары алқабының 80 пайыздан астамы дәнді дақылдар үлесіне тиеді. Қазақстан жыл сайын 14-20 млн. тонна астық өндіреді, бұл — ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші көрсеткіш.

Дәнді дақылдардан тұрақты өнім алуды қамтамасыз ету мәселесі көптеген факторларға тәуелді, соның бірі — бейімделу әлеуеті мен өнімділігі жоғары әрі дәні сапалы болатын жаңа сорттарды шығару. Ең жақсы сорттар өсіру қолға алынса, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігі артады және өнімнің сапасы да жоғарылай түседі.Шаруашылыққа тиімділігітұрғысынан алып қарағанда, алуан түрлі сорттардың бір-бірінен айырмашылығы — бірдей жағдайларда әртүрлі өнім беретіндігінде. Неғұрлым жаңа, өнімді сорт егілгенде, дәнді дақылдар түсімінің орташа көрсеткіші, кем дегенде, 2 ц/га, ал кейде 8 ц/га, тіпті одан да көп мөлшерде артады.

Әлемдік және жекелеген аймақтардағы климаттық өзгерістер жағдайында, ауылшаруашылығы түрлі дақылдары сорттарының қоршаған ортаға қарай бейімделу мәселесі — селекцияның басым бағыттарының бірі. Өнім беру әлеуеті мен технологиялық қасиеттері жоғары, қоршаған ортадағы жанды-жансыз атаулының жағымсыз әсерлеріне төтеп бере алатын сорттар мен гибридтер арқылытабиғи және техногендік ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық қауіпсіздікке, қуат көздерін үнемдеуге, рентабельділікке жол ашылады.

Қазіргі күні «Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат берілген селекциялық жетістіктердің Мемлекеттік тізіліміне» А. И. Бараев атындағы АШҒӨО селекциясының астықтық дақылдардан — жаздық жұмсақ бидайдың 14 сорты, жаздық қатты бидайдың 5 сорты, арпаның 4 сорты, сұлының 3 сорты, тарының 3 сорты, қарақұмықтың 3 сорты және мал азығындық дақылдардан — арпаның 1 сорты, сұлының 2 сорты және тарының 6 сорты енгізілген.
скачать dle 12.0
3 690 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх