Юрий Похоруков: Сорт таңдай білу- мол өнім кепілі


Жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сорт таңдау — әрдайым өзекті мәселе.
А.И.Бараев атындағы АШҒӨО, Егістік дақылдар мен өсімдік шаруашылығын әртараптандыру агротехникасы зертханасының тәжірибесі жөнінде сұхбат құрғанымызда осы зертхананың қызметкері Юрий Похоруков сорт таңдау болашақ өнімнің алғышарты екендігін айтты. Сонымен қатар Ғылыми орталықта жасап шығарылған сорттар жөніндегі ақпаратпен бөлісті. Бұл Ғылыми орталық Қазақстанның солтүстігінде орналасқан, ал еліміздің негізгі астықты аймағы — осы солтүстік.

Көктемгі егіс кезінде болсын немесе жалпы егістегі далалық жұмыстар маусымы ма, осы маусым аясындағы «Дала күндері» ме — әйтеуір қашан болса да, фермерлер өздері тұратын өңірде өсіруге болатын, жоғары өнім беретін сорттарды іздеумен жүреді.

Қазақстанда дәнді дақылдардың барлық түрлері өсіріледі, дегенмен егіс алқаптарының басым бөлігіне бидай егіледі.

Жыл сайын Ғылыми орталықтың қызметкерлері бидай мен басқа да маңызды дақылдардың 2 мен 4 аралығындағы биологиялық әртекті сорттарын шығарып, мемлекеттік сынаққа тапсырады. Қазіргі күні бірегей тұқым өндірісі 20 дақыл, 50 сорт бойынша жүргізіліп жатыр.
Орта-ерте мерзімде пісетін Шортандылық 2012 жаздық бидай сортынан бастайық. Бұл сорттың өнімділігі орта мерзімде пісетін Ақмола 2 сортынан 1-3 ц/га көрсеткішке асып түседі. Сондықтан, Шортандылық 2012 сортын өсірген жағдайда, тезірек әрі көбірек өнім алынады, ал өнім сапасы бірдей болады. Алайда Ақмола 2 сорты ауа райының қандай болғанына қарамастан, кез-келген жылы тұрақты түрде сапалы да мықты дән бере алатын сорттар қатарында қала береді.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында өсірілетін орта-ерте мерзімде пісетін Астана сорты — тіпті ылғал мол түскен жылдардың өзінде де, дәнінің құрамында белок пен шикі ұлпа үлесі мол болып қала беретін бірден-бір сорт.

Орта мерзімде пісетін сорттар тобына көшелік. Бұл жерде жақсартқыш-сорт саналатын және өнімділігі жағынан да, өнім сапасы жағынан да стандарттан асып түсетін Асыл сапа сортын атап айтқымыз келеді. Ғылыми орталықта бидайдың осы сортына қатысты тұқым себу мерзіміне байланысты егу нормаларын анықтау мақсатындағы сынақтар әлі де жүргізіліп жатыр.

Орта-кеш мерзімде пісетін Шортандылық 95 сортын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл сорт жоғары өнімділігімен, жапырылу, шашылып қалу, сыну, масақтың иіліп, сынып кетуі сынды құбылыстарға төзімділігімен айрықшаланады. Дән сапасы көрсеткіші жағынан сорт стандарттан асып түседі және Қазақстанның солтүстігіндегі егіс алқаптарының басым бөлігіне егіледі.

Шортанды селекциясының сорттары жөнінде әлі де айта түсуге болады, олардың әрқайсысының өзіндік артықшылықтары бар, бұл — Шортандылық 2014, Владимир, Солтүстік, Целина 50, Байтерек, т.б.

Ғылыми орталықта жасалған сорттар қатарында жаздық жұмсақ бидай сорттарынан бөлек, қатты бидай (Дамсинская 60, Дамсинская Янтарная, Корона, Рая, т.б.), арпа (Астана 2000, Целинный 30, Целинный 91, Целинный 2005, Астана 2007, т.б.), сұлы (Бітік, Арман, Никола, т.б.), бұршақ (Қазсіб, Статус), жасымық (Крапинка, Шырайлы), күнбағыс (Сочинский), тары, қарақұмық, астық және бұршақ тұқымдас шөптер, т.б. бар.

Ғылыми орталық селекционерлерінің жергілікті жағдайларға бейімделген сорттар шығару бағытында жасалған жаңа, қызықты еңбектері, ал жер өңдеу бөлімінде осы болашақ сорттардың технологиялары бойынша жасалған еңбектер бар.

Біздің мамандардан ақыл-кеңес сұраңыздар! Мамандар сіздерге сорт таңдауда нақты шешімдер қабылдауға көмектесіп, оларды өсіру жолдары, күтіп-баптау ерекшеліктері жөнінде баяндап береді.
скачать dle 12.0
2 193 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх