KAZ | RUS | ENG

Жаңа технология мол мүмкіндіктерге жол ашады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев және Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында нақты егіншіліктегі инновациялық технологиялар жөнінде конференция болып өтті.


Оған Парламент депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, салалық мекемелер мен бизнес өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру – бұл саланың қарқынды дамуының кепілі. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін кем дегенде 2,5 есеге арттыруды міндеттейді. Асқар Жұмағалиев өз сөзінде жаңа технологиялар мен цифрландыруды пайдалану оң нәтиже беретінін атап өтті.
–Өнімнің өндірілуі көбейіп, тиімділігі арта түседі. Бүгінгі таңда смарт фермалар, электрондық карталар мен нақты егіншілік пилоттық режимде жұмыс істеуде. Алдағы уақытта шығын 25-30 пайызға қысқарып, өнімділік 30-50 пайызға артады деген болжам бар,–деді Премьер-Министрдің орынбасары. Цифрландыру аясында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік алқаптарында нақты егіншіліктегі алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар іске қосылуда. Министрлік агроөнеркәсіп кешені дамуының барлық бағыттары бойынша құзыретті орталықтар құрудың жоспарлы жұмысын жүргізуде. Университеттер, ғылыми зерттеу институты мен тәжірибелі шаруашылықтар базасында жаңа технологияларды тиімді оқыту және тираждау ұйымдастырылатын болады. Нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге алқаптың электрондық картасы, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг және өзге де шешімдер жатады. Мұндай технологияларды іске қосу тыңайтқыштар мен қорғау құралдарын тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы дақылдарын орташа есеппен 15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Конференция барысында цифрландыру агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеудегі төрт бағыттың дамуындағы басты құрал екені айтылды. Аталмыш бағыттарға агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігі, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі, су және биоресурс-тарды тиімді басқару жатады.
Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев нақты егіншіліктің бір бөлігі болып табылатын алқаптардың электрондық картасын құру аясында 23 миллион гектар жердің немесе жалпы егіс алқабының 95,5 пайызына есептеу жүргізілгенін атап өтті.
–Электрондық астық қолхаттарының жүйесіне астық балансының онлайн мониторингі, астықтың бағасы жөніндегі статистика, астық қабылдау пункттерінің рейтингі енгізілді. Астық қолхаттарының қолдан жасалғандығы алынып тасталды. Фермерлердің шығыны жылына 700 миллион теңгеге дейін төмендеді. Биылғы жылы операциялардың қауіпсіз өтуі мақсатында «блокчейн» технологиясы енгізілді,–деді ол.
Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі көрсететін 101 мемлекеттік қызметтің 61-і ішінара және 1 қызмет толық автоматтандырылған. Биылғы жылдың аяғына дейін 16 мемлекеттік қызметті, 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырады. Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, осы салаға инвестиция тартады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
скачать dle 12.0
44 -рет қаралды

Басқа да


Наверх Наверх