Валентин Петрович Кузьмин


Тарих беттері
Валентин Петрович Кузьмин (05.12.1893 - 08.05. 1973), ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының және ҚазКСР академигі, Солтүстік Қазақстан селекционерлерінің ақылманы, тыңды аймақтағы селекцияның ұстазы. Ол Қазақстанның солтүстігінде ұшан-теңіз аумақтарға себілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген сұрпын өмірге әкелді. Ал соғыс жылдарында оның әйгілі Акмолинка 1 сұрпынан дайындалған нан жүздеген мың адамға нәр болды. 1959 жылы Акмолинка 1 дәні себілген аумақтың көлемі 3 миллион 445 мың гектарды құрады.
Валентин Кузьминнің өмірі мен қызметі бидай өсімдігін түлету, яғни оның құрылымын өзгертумен тікелей байланысты. Ол осынау ауыр да абыройлы еңбекке бар ғұмырын арнады десек те болады. Туындаған мәселелерді зерттеу мен шешімдер әзірлеу, селекциялық процестің бағыттары мен әдістімесін нақтылаумен ұдайы жұмыс істеу, жұмыс барысында биология ғылымының жаңа жетіктіктерін пайдалану, жаңа ойлар мен бағалы бастамаларды қолдау – ғалымның бар ғұмыры осылардан тұрды.
В.П.Кузьмин бір мезгілде 29 түрлі дақыл бойынша селекциялық жұмыс жүргізген. Іріктеу және будандастыру әдісі арқылы ол бидайдың жаздық жұмсақ және жаздық қатты сұрпы, күздік қарабидай, тары, қарақұмық, сұлы, бұршақ, күнбағыс, зығыр, қарасора, зығыр арышы, картоп, жоңышқа, майлы көкнәр, таңқурай және т.б. сұрыптарын шығарды. Селекцияның теориялық негіздері, тыңдағы егіншіліктің бағыттары мен ерекшеліктерін дамыту жолдары оның 100-ден асатын ғылыми жұмысында, көптеген ғалымдар мен тәжірибе жүргізуші мамандардың анықтамалығына айналған «Тың өлкедегі астық дақылдарының селекциясы және тұқым шаруашылығы» атты монографиясында жазылған.
В.П.Кузьмин сонау 1936 жылы КСРО-ның далалық аймақтарына арналған практикалық селекцияның теориялық негізін салып, КСРО -да алғаш болып сұрыптар мен дақылдарды бағалаудың бірыңғай әдістемесін, әлемдік тәжірибені зерделей отырып сұрыпты сынау әдістемесін әзірлеп, енгізді. Ол сондай-ақ Бүкілресейлік өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе «Селекцияның ғылыми негіздері» атты селекциялық-генетикалық көптомдығын жасауға үлес қосты. Ол Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын ғылыми негіздемелермен және практикалық маңыздылығымен географиялық орналастыру проблемасын зерттеп, жергілікті жағдайларға арналып жасалған тым болмаса бір дақылдың сұрпы жалпы тыңды өлкеге қандай тиімділік әкелетінін қаузаған.
В.П.Кузьминнің жемісті еңбегін Үкімет жоғары бағалады. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің грамоталарымен, екі мәрте Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің Үлкен және Кіші алтын медалімен, «Тың жерлерді игергені үшін», И.В.Мичуриннің мерейтойлық медалімен марапатталды. Ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, оған Ленин Ордені және «Орақ және Балға» Алтын медалімен қоса Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілген.
Валентин Петрович Кузьминнің есімі Қазақстан тарихында мәңгіге жазылып қалды.
скачать dle 12.0
4 097 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх