Бүгін А.И.Бараевтың туған күні
Жаңалықтар
Бараев егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің негізі - топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын сыдыра жыртып өңдеу әдісін ойлап тапқан.
Бүгін 16 шілдеде ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ҒА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Александр Иванович Бараевтың (1908-1985) туған күні. Ол 1908 жылы Санкт-Петербургта дүниеге келген. Куйбышев (қазіргі Самара) ауыл шаруашылық институтын бітірген. 1950-1953 жылдары Орал астық сұрыптау стансасының директоры, 1953-1957 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының директоры, 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы) директоры болды.1985 жылы 8 қыркүйекте Целиноград қаласында қайтыс болды.
Бараев егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің негізі - топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын сыдыра жыртып өңдеу әдісін тапты. Ол ауыспалы егіс танабында таза сүдігер жерді қолдануды, дәнді дақылдар егісін қысқа мерзімде аяқтауды ұсынды, өнімділігі аз шалғындар мен жайылымдарды түбегейлі жақсарту, көлдетіп суарылатын жерлерді мейлінше тиімді пайдалану, сортаң жерлерді игеру жүйелерін жасап, өндіріске енгізді. Оның ұйымдастыруымен Қазақ ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтында топырақ баптайтын және тұқым себетін машиналардың жаңа түрлері (сыдыра жыртатын құралдар, аңызға тұқым себетін сеялкалар, ине тісті тырмалар) сынақтан өткізіліп, тәжірибеге енгізді.
1 686 -рет қаралды