Нұрсұлтан Назарбаев: Агроөнеркәсіп кешеніне цифрландыру үдерісін енгізу маңызды
Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Ақмола облысына сапары кезінде Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» ЖШС дәнді және майлы дақылдар алқабын аралап, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері мен ауыл шаруашылығы саласының келешегі туралы мәлімделді.
Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніне озық ғылыми жетістіктерді және цифрландыру үдерісін енгізудің маңыздылығын атап өтті.
– Шортанды ауданында тәжірибе ретінде алқаптардың электронды картасын енгізу, егістік жағдайына спутниктік мониторинг жасау, тұқымды ретімен егіп, тыңайтқыштарды дифференциалды түрде себу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға, сондай-ақ шығынды 20 пайызға төмендете отырып, астық өнімділігін 5 центнерден асыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында Елбасы атап өткен нақты егіншілік жүйесі жобасы жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда институттың Жобаларды басқару орталығы спутниктік мониторниг негізінде жерді тиімді игеру, агрохимиялық шешімдерді атқару, селекциялық және т.б жұмыстарды жүргізіп отыр.
2 039 -рет қаралды