Аграрлық ғылым: Елде ортақ тектік қор құру мәселесі тұр


Жаңалықтар
Елімізде ғылымды дамыту саласына көбірек көңіл бөлу мәселесі үлкен маңызға ие. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында агроөнеркәсіп кешен саласындағы заңнамалар одан әрі жетілдіруді талап ететінін алға тартқан болатын. Президентіміз аграрлық сала экономиканың ірі секторы екенін ерекше атаған. Мәселен, соңғы 6 жылда аграрлық ғылымда 4 700-ден астам ғылыми нәтиже алынған, оның ішінде 1700 патент, 300 селекциялық жетістік және 50-ден астам вакциналық препараттар, 40-қа жуық ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарының тәжірибелік жұмыстары бар. Ақмола облысында аграрлық ғылымның дамуы туралы Strategy2050.kz АА әзірлеген материалдан оқи аласыздар.
Елдегі  ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 0,3% - ы ғылыми негізде қамтылған, ал  бұл  Германия көрсеткіштерінен 72% пайызға, Швециядан 50% - ға, Финляндиядан 52% - ға және басқа елдердің көрсеткіштерінен едәуір төмен. Дегенмен, елімізде аграрлық салада тиімді жұмыс істеп жатқан ғылыми орталықтар бар. Соның бірі әрі бірегейі  егін және өсімдік шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан Шортанды ауданына  қарасты Александр   Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы. 1956 жылы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болып құрылған мекеме  кейін  А.И. Бараев атындағы Бүкілодақтық астық шаруашылығы ҒЗИ болып өзгерді.  

Ғылыми орталық  өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті сорттарды әзірлеу, ғылыми-білім беру қызметтерін ұсыну арқылы Солтүстік және Орталық Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономикасының жеделдетілген ғылыми-технологиялық дамуын қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ,  орталық өсімдік  шаруашалығының бірнеше бағыттары бойынша жұмыс істейді. 1996 жылы орталық  аясында  тектік  қор құрылған. Ол  осы уақыт аралығында  26 мың бидай, арпа, сұлының түрлері зерттелген.

А. И. Бараев атындағы АШҒӨО   тектік қор лабораториясының  меңгерушісі  Юрий Долинныйдың айтуынша, тәжірибелердің  негізгі мақсаты бидай, сұлу, арпа, бұршақ дәнділер, майлы және жарма дақылдарының гендік қорын қалыптастыру, осыған қоса жемшөптік дақылдарды жерсіндіру.

«Бізде  астық  сақталатын екі қойма бар. Астықты ұзақмерзімді сақтайтын сақтау қоймалары да  бар. Арнайы фольга қағаздарына оралған, сақтау температурасы  +4 градусты құрайды. Астықты 15 жылға дейін сақтауға болады. Арпа, бидай, тритикале  және қатты бидай бар. Қазір қатты бидайдың  6 мың түрі болса, 4 мың  түрі бар  жаздық жұмсақ бидай сақталады», - деді Юрий Долинный.
 
Юрий Долинный айтып өткендей,  тектік қорсыз ешбір селекционер құрғақшылыққа төзімді сорт шығара алмайды.

Сондай-ақ, маман тектік қор бойынша елдегі басты мәселені  қаузады.
 
«Бүгінде қазақстандық ғалымдар Ауыл шаруашылығы министрлігіне  тектік қорға  қатысты  хат жолдаған. Олар қаржыландыру  базалық болғанын ұсынып отыр. Демек, ғылыми орталықтар  қаржы жағынан ешбір мемлекеттік бағдарлама мен  байқауға тәуелді болғылары келмейді. Қазір біз мемлекеттік бағдарламаларға тәуелді болып отырмыз, егер тектік қорға ақша бөлінсе, жұмыс істейміз. Бөлінбеген жағдайда қызмет тоқтайды. Биылғы жылы бағдарламалардың саны да қысқарып қалды. Ол тектік қор бойынша жұмыс қысқарған көлемде ғана жұмыс істейді деген сөз. Меніңше, тектік қор  тұрақты қаржыландырылып отыруы керек, оның көлемін арттыру керек. Себебі, көлем қысқарса,  2-3 ішінде атқарған жұмысымызды жоғалтып аламыз. Ал, оны қалпына келтіру өте күрделі», - деді Юрий Долинный.
 
Сонымен қатар, меңгеруші Қазақстанда ортақ тектік қор құру ұсынылғанын жеткізді.

«Мемлекеттік ғимаратта барлық үлгілерді жинақтап, сақтаған дұрыс. Кез келген уақытта ол түрлерді алып қолданатындай жағдай жасалу керек деп ойлаймын. Бұл жақсы идея, ұсынысты маман ретінде өзім де қолдаймын. Себебі, әрбір ғылыми орталық тұқымның түрлерін өздері жеке сақтап отыр. Ортақ қор жоқ», - деді ол.

Өз кезегінде АШҒ докторы, профессор АШҒӨО бас директоры  Кенже Абдуллаев еліміздегі бидай алқаптарының 48 пайызы немесе 11 млн га жерге АШҒӨО шығарған сұрыптар егілетінін жеткізді.  Болашақта бұл көрсеткішті 70-80 пайызға жеткізу көзделген.

Сондай-ақ, бас директор шетелдік немесе отандық тұқымның сорттарын қосудың нәтижесін көру үшін аз уақыт кетпейтінін айтты.

    «Бізде  5 мың сорт егіледі.  Оның ішінде дүниежүзінен әртүрлі сорттар жеткізіледі. Олар орталықта барынша зерттеледі. Егер сорт тиімді болса, отандық сортпен біріктіріледі.  Кез келген сұрыптың ендірілуіне 2-3 жыл  уақыт қажет. Олар төзімді болуы керек», - деді ол.

К.Абдуллаев  соңғы жылдары құрғақшылыққа төзімді Ақмола, Астана, Астана 2, Шортанды, Бәйтерек сияқты отандық  сұрыптар шығарылғанын жеткізді.

    «Бүгінгі таңда Ақмола облысы егіс алқаптарының  78 пайызы   біздің сұрыпқа негізделеді. Кейде диқандар дәнді-дақылды тапсыра алмай қиналады.  Егістік айналымының сақталмауы топырақтың құнарлығына әсер етіп, өнімділікті нашарлатады», - деді ол.  

Сондай-ақ, бас директор Үндістан, Қытай, Түркия елдеріне экспортқа бағыттау үшін жасымықты егу көлемін арттыру қажет деп есептейді.

Еске салсақ,  қазір  егін ору маусымы жалғасуда. Комбайндар мемлекеттің субсидиясына алынған.

Еліміздегі  цифрландыру бағдарламасы   аграрлық саланы да барынша қамтыған. Заманауи  құрылғылардың көмегі арқылы  кеңседегі мамандар қандай техника қай алқапта жүргенін онлайн бақылай  алады.

Айта кетейік, Орталықтың негізін қалаушы Александр Бараев - ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. А.Бараев егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің негізі - топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын сыдыра жыртып өңдеу әдісін тапты.

Оның үйымдастыруымен Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында топырақ баптайтын және тұқым себетін машиналардың жаңа тұрлері сынақтан өткізіліп, тәжірибеге енгізілді. Тәжірибенің нәтижесі әрекеттегі ғылыми орталықтың жұмысы.

Аягөз Құрмаш

скачать dle 12.0
1 534 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх