С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ студенттері А.И.Бараев атындағы АШҒӨО-да өндірістік тәжірибеден өтуде
Жаңалықтар
С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ студенттерінің А.И. Бараев атындағы АШҒӨО-да өндірістік практикадан өтіп жатқанына бір айдан астам уақыт болды. Орталық ғалымдарының басшылығымен студенттер мамандандырылған зертханалардың ғылыми зерттеулеріне қатысты. Агрохимия зертханасында тәжірибеден өту кезінде ҚАТУ-дің 3 курс студенттері Болат Бақдәулет, Байбек Нұрдәулет, Мейіржан Аленұлы және Төлегенов Дархан Орталықтың өндірістік алаңдарында тәжірибелік зерттеулерге қатысқаны олардың білімдерін арттыруға көмектескенін атап өтті. Атап айтқанда, студенттер ауылшаруашылық дақылдарын себу науқанына қатысты, сонымен қатар топырақта азот, фосфор, калийдің болуын анықтауды үйренді, енді олар топырақтағы ылғалдың деңгейін анықтау жолын біледі.
«Біз, С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ студенттері, Қанат Әшкеұлының жетекшілігімен адаптация және агроландшафттық технология зертханасында практика өтудеміз. Қанат Әшкеұлы - халықаралық деңгейде тәжірибесі бар белгілі ғалым, тәжірибе барысында ол өзінің кәсіби біліктілігімен бізбен бөлісіп қана қоймай, болашақта өзімізді ғалым ретінде тануымызға көмектесетін өмірлік тәжірибесімен бөлісті», - деп атап өтті Оразхан Мұратұлы.
«Орталықтың аналитикалық бөлімінде тәжірибе өту барысында біз топырақтағы азот, калий және басқа элементтердің деңгейін қалай анықтауды үйрендік. А.И.Бараев атындағы АШҒӨО—ның ғалымдары теорияны өте қызықты етіп түсіндіреді және бізде танаптық зерттеулерге тартады. Тәжірибе барысында біз ғалымдармен өндірістік егістіктерге барып, зертханада анализ жасау үшін топырақ үлгілерін алдық. Жалпы, біз көптеген жаңа білім алдық және бұл үшін ғалымдарға алғыс айтамыз», - дейді ҚАТУ студенті Айдана Бөкенова.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 5 мамырында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Топырақтану және агрохимия», «Өсімдік қорғау және карантин», «Агрономия» мамандықтары бойынша оқитын үшінші курстың студенттері Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Научный ауылындағы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына өндірістік практикаға аттанған болатын. АШҒӨО-да студенттерге мамандандырылған аналитикалық зертханаларда және егістікте жұмыс жасау кезіндегі техникалық қауіпсіздікке нұсқаулықтар берілді. Студенттер күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп,бос уақыттарында спортпен айналысуға болатын алаңы бар жайлы қонақ үйде тұрады. Университет оларға егістік алқабында тәжірибе өтетін орынға бару үшін автобус ұсынды.
Аграрлық сектордың болашақ ғылыми қызметкерлері өздеріне елдің ірі ғылыми орталықтарының бірінде өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік берілгеніне қуанышты.
857 -рет қаралды