KAZ | RUS | ENG

ОКҚ-да АШҒӨО қызметінің қорытындысына арналған баспасөз-мәслихаты өтті

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңыда А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (АШҒӨО) 2018 жылғы қызметінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараға орталықтың бас директоры Кенже Абдуллаев қатысты. Журналистермен кездесу барысында мекеме басшысы нақты егіншілік бойынша алғашқы жобаны іске асыру жұмыстары туралы айтты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесіне тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

2018 жылы А.И. Бараев атындағы АШҒӨО базасында «нақты егіншілік» қанатқақты жобасы басталған еді. Жоба аясында жаздық бидай негізінде нақты егіншіліктің ресурс үнемдеу технологиялары мен дәстүрлі егіншілік ерекшеліктері салыстырмалы түрде қарастырылды. Нәтижесінде, нақты егіншілік полигондарындағы өнімділік гектарынан 25,4 центнер болып, ресурстар орташа есеппен 5-15 пайызға үнемделді.

А.И. Бараев атындағы АШҒӨО Ақмола облысының 3000 га жерін таңдап, тәжірибелік полигондар ұйымдастырды. Орталықта жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер мен білікті кадрлардың бірлескен күші арқасында 2018 жылы жаздық бидайдың өнімділігі – 22,5 ц/га жетті. Нақты егіншілік полигондары бойынша орташа өнімділік - 25,4 ц/га, ал дәстүрлі егіншілік технологиясымен себілген егіннің өнімділігі 18,7 ц/га құрады. Айта кетейік, аудан мен облыс бойынша орташа өнімділік, сәйкесінше, 12,2 және 12,7 ц/га.

2018 жылы А.И.Бараев атындағы АШҒӨО базасы аясында нақты егіншіліктің тәжірибелік-технологиялық платформасын құру мақсатында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ және «А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС жарғылық капиталын ұлғайту бойынша қаржылық-экономикалық негіздеме жасалды. Мемлекет қолдауымен Бараев орталығының трактор және комбайн паркі жаңа ауыл шаруашылығы техникасымен толықты.

Бараев ғылыми орталығында селекция бағытында зерттеу жұмыстары қарқынды іске асып жатыр. Басты бағыт – дәнді, бұршақты, жарма дақылдарының жаңа сорттарындағы экологиялық тұрақтылықты арттыру. Қазіргі кезде орталықта 17 дақылға селекциялық жұмыстар жүргізілуде. Ал Қазақстанда тары, қарақұмық, сұлы, асбұршақ, ноқат, жасымық, бидайық сияқты дақылдардың селекциясымен айналысатын жалғыз ғылыми мекеме Бараев орталығы.

Орталықта жыл сайын ауыл шаруашылығының 90 мың үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру комбинациялары жүзеге асады.

Ғылыми орталықтың бас директоры Кенже Абдуллаевтың айтуынша, Қатты бидай зертханасының қызметкерлері 2018 жылы «Дамсинская 2017» сортынан 46,5 центнер өнім алған. Зерттеу жұмыстары 2015 жылдан жүргізілген. Бір айта кетерлігі, жаңа сорттың ерекшелігі басым. Еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған бұл сорт ауа және топырақ құрғақшылығына төзімді. Экологиялық сорт -сынақ Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізіліп, аталған сорт 46,3 центнер өнім берген.

Сонымен қатар, А.И. Бараев атындағы АШҒӨО Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, қызметкерлердің айлығын 10 пайызға өсірді.
скачать dle 12.0
74 -рет қаралды

Басқа да


Наверх Наверх