Солтүстік Қазақстандағы өңделген егістік жерлер құрылымын пайдалануда әртараптандырудың тиімділігі қандай?
Ғылыми мақалалар
Әлемдік нарықта қарым-қатынастың шиеленісті болуы салдарына байланысты экономиканың аграрлық секторындағы бәсекелестікті арттыру уақыт талабы. Қазақстанның солтүстігінде дәстүрлі бидай өсірілетін аймақтарда біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жаздық рапсқа, бұршаққа, зығырға, тарыға, жемазықтық және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына көп көңіл бөле бастады. Бұл бір жағынан мал шаруашылығын дамыту үшін өте маңызды, ал екінші жағынан бидай дәні бағасының тұрақсыздығына байланысты және оның ортадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет.
Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің 2016 жылғы мәліметтері бойынша дәнді және бұршақ дақылдары Ақмола облысының егістік құрылымындағы көлемі көктемгі егін себер алдында 90% дейін қамтылған. Оның ішінде жаздық бидайдың үлесі 78,7% -ды құрайды. Жемшөп дақылдары 4,2 %-ға дейін және майлы дақылдар тек 4,5% ғана болды. Ал өңірдің өңделген егістік жерлерінде басқа дақылдардың үлесі 12,5%, жарма және дәнді күздік дақылдарын пайдалану құрылымы тек - 0,1% ғана құраған (сурет-1).
Сурет -1 Ауыспалы егісте дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдардың кезектесіп орналасуы
Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру үшін қазіргі заманғы топырақ үнемдеу технологияларына көшу маңызды шара. Егістік жер құрылымында ағымдағы жағдайда жүргізіліген талдау нәтижесі мен өңірдегі топырақ-климаттық аймақтардағы деректер осыны көрсетті және оны одан әрі қарай жетілдірудің мол мүмкіндіктері бар екені анықталды.
А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында бір орында үзіліссіз ұзақ мерзімде жүргізілген ғылыми жұмыстардың деректері бойынша Ақмола облысының Сандықтау, Шортанды, Атбасар аудандарындағы жеке шаруашылықтарда өңделген егістік жер танаптарын тиімді пайдалану арқылы өсімдік шаруашылығын әртараптандырғанда өсімдіктің биологиялық бір-біріне ұқсас әр түрлі дақылдардың тиімділігінің әсері байқалды. Әсіресе жемазықтық дақылдар (арпа, сұлы) жоғары әлеуетті өнімділігімен ерекшеленеді және табиғи ресурстарды тиімді пайдаланады. Таза сүрі жер танабының орнына жемазықтық дақылдарды өсіру өңделген жерлердің тиімділігін жоғарлатады және парлы ауыспалы егіспен салыстырғанда 4-танапты астықты ауыспалы егістің түсімділігі 24%- ға артып, ал осы дақылдардың ауыспалы егістегі көп жылдардағы орташа өнімділігі 23,8 ц/га құрады.
Сондай-ақ, өңделген егістік жер құрылымында дәнді бұршақ дақылдарының көлемін кеңейту өте өзекті. Дәнді бұршақ дақылдарының арасынан жоғары өнім беретін асбұршақ дақылы. Зерттеу жүргізілген соңғы 20 жылда асбұршақтың орташа өнімі таза сүрі жер танабына өсірілгенде 15,1 ц/га, ал аңыздықты танапта 14,6 ц/га болды.
Асбұршақты неғұрлым ауа-райы қолайлы климат жағдайы бар, яғни өңірдің солтүстік аудандарында өсірген дұрыс. Дәнді бұршақ дақылдары арасынан әсіресе құрғақшылық жиі болатын аймақтарда (аудандарда) ноқат жақсы нәтиже береді. Бұл дақыл құрғақшылыққа өте төзімді және жоғары технологиялық дақыл саналады. Піскен ноқатты жинағанда жатып қалмайды және дәні төгіліп, шашылмайды. Ноқатты таза сүрі жер алғы дақылына өсіргендегі өнімі 12,3 ц/га, ал аңыздық танапта 11,2 ц/га құрады.
Соңғы жылдары өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыруға байланысты ауыспалы егіс құрылымында дәнді бұршақ дақылдары арасынан жасымақ дақылының алатын орны ерекше. Жасымақ өсімдігіҚазақстанда аса көп зерттелмеген, әсіресе өндіріс жағдайында бұрын өсірілмеген өңірге енді ғана таныла бастаған бір жылдық бұршақ дақылы. Ауыспалы егісте жасымақты дәнді дақылдармен кезектесіп орналастырғанда өз орнына 3- 4 жылдан кейін оралуы тиіс. Ауыспалы егісте бұл дақыл осылай 3-4 жылдан қайтадан айналымда өз орнына оралуы- аурудың жиналуын біршама азайтады. Жүргізілген 12 жыл зерттеуде аңыздық алғы дақылдан кейін себілген жасымақтың орташа өнімі 9,6 ц/га құрады.
Республиканың солтүстік өңірлерінде оның ішінде Ақмола облысы жағдайында өсімдік шаруашылығын әртараптандыруда майлы дақылдардың есебінен шешілуі керек. Өңірдегі өңделген жерлердегі ауыспалы егіс құрылымында майлы дақылдар көлемінің мөлшері біршама өсіп келеді. Көп жылдық зерттеулердің нәтижесі бойынша қолайлы жылдары тұрақты өнімді майлы дақылдар арасынан зығыр, жаздық рапс және қыша қамтамасыз етсе, ал құрғақшылық жылдары күнбағыс береді. Күнбағыстың май дәнінің өнімділігі орташа 10 жылда 7,0 ц/га құраса, жаздық рапста – 6,7 ц/га, зығырда – 7,6 ц/га және қышада 6,6 ц/га болды.
Ақмола облысы жағдайында жарма дақылдарының егіс көлемін біртіндеп арттыру қажет. Аймақтың климат жағдайында тары құрғақшылыққа ең төзімді дақылдың бірі, тіпті құрғақшылық жылдары да астық шығымдылығын азайтпайды. 2012 жылы болған құрғақшылық жағдайында тарының алынған өнімі 8,2 ц/га құрады, немесе бидайға қарағанда өнімі 3,0 ц/га жоғары болды.
Қарақұмық бал беретін, диетикалық және экспорттық дақыл және ол астықты ауыспалы егісте орналасуы қажет. Бұл дақыл астықты ауыспалы егісте орналасқанда орташа 15 жылда 12,4 ц/га өнім алынды.
Осы аталған дақылдар мен қатар ауыспалы егіс құрылымында біржылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдарды енгізу қажет. Мал азықтық дақылдар мал шаруашылығын дамытуға және топырақ құнарлылығын сақтау үшін керек. Әсіресебір жылдық мал азықтық дақылдарды ерте көктемде және жазда шөпке немесе жасыл балаусаға өсіру өте жақсы нәтиже береді. Жаздың екінші жартысында өсірілген біржылдық мал азықтық дақыл орташа 20 жылда 130,0 ц/га жасыл балауса берсе, ал 16,2 ц/га пішен өнімі алынды.
Жүргізілген көпжылдық (25 жыл) зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша сүрлемдік дақыл жүгерінің жасыл балаусасының алынған орташа өнімі 135 ц/га құрады. Көпжылдық астықты және бұршақты шөптер ауыспалы егісте өз орнын алу керек. Олар мал азықтық және астықты ауыспалы егістерге орналастырылуы тиіс. Көпжылдық астықты шөптер дәнді дақылдар үшін өте жақсы алғы дақыл.
Егіс көлемінің құрылымында сидералды дақылдарды өсіру де жоғары тиімділік береді және топырақтағы қара шірік мөлшерін бір деңгейде ұстап тұрады. Сидералды дақылдарды өсіру және жасыл тыңайтқышқа жырту топырақтағы қажетті қоректік заттар мөлшерін толықтырады. Ауыспалы егісте сидералды дақылдар ретінде түйежоңышқаны, рапсты, қышаны, тарыны және асбұршақ-сұлы қоспасын пайдалануға болады. Мысалы, түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жыртқаннан кейін өсірілген жаздық бидайдың орташа 13 жылдағы өнімділігі 19,6 ц/га құрады.
Қортындылай келе, ауыспалы егістегі егістік құрылымын одан әрі қарай жетілдіру үшін өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдары өздерінің табиғи мүмкіндіктерін толығымен пайдалана алады. Әсіресе дағдарыс жағдайының кері әсерін біршама жақсартады және нарықта өз араларында бәсекеге түсе алады және нақты егіншілік элементтерін ауыл шаруашылығында пайдалану арқылы шығынды біршама қысқартуға болады. Егіс көлемінің құрылымындамайлы және дәнді бұршақ дақылдары бидайға қарағанда ерте себіледі. Ол өз кезегінде егін себу мерзімі науқанын ұзартады және жұмыстың қауырттығын азайтады. Сонымен қатар осы аталған дақылдар дәнінің бағасы әлемдік нарықта бидай дәніне, қарағанда 2-3 есе қымбат тұрады. Жемазықтық және жарма дақылдарының себу мерзімі кеш болғандықтан ауыспалы егіс буынындағы егістіктердегі арамшөптер мен ластануы мәселесін тиімді шешеді. Біржылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдардың көлемін егістік құрылымында ұлғайту арқылы мал шауашылығын арзан мал азығымен қамтамасыз етуге болады. Әртүрлі биологиялық топтардағы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға пайдалану арқылы тұрғылықты өндірісте «Қазақстанда жасалған» деген жергілікті өнеркәсіп брендімен өз өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
Алдаберген ҚИЯС,
A.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы
ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы
егіс зертханасының меңгерушісі
17 318 -рет қаралды