«Шырайлы» жасымық сорты - әр гектардан жоғары сапалы дән жинау көрсеткіші стандарттан жоғары
Ұсыныстар / Селекция
Авторлары: Р.М. Сүлейменов, Ж.А. Қасқарбаев, З.И. Халикулов, Рам Шарма, А.А. Чечерина, И. В. Вергун.
Сортты «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» мен ICARDA бірлесіп шығарды.
Сорттың арғы тегі: ILL440/ILL5569.
Түр тармағы — ірітұқымды жасымық. Нуммулярия түршесіне жатады. Тік өседі, бойы 25-50 см аралығында болады. Тармақтану қарқыны орташа. Жапырағының пішіні — сопақша, ашық реңкті, ұзындығы мен ені орташа. Гүлдері ақ, ең жоғарғы және қапталдағы күлтешелерінде күлгін жолақшалар болады. Гүл шоғыры 2-3 гүлден тұрады. Бұршағы ұзын әрі жалпақ келеді, бас жағы үшкірлеу, көп жағдайда екі тұқымды. Тұқымдары шұңғылша-дөңгелек, жалпақ, ірі (6,0-7,5 мм), жасыл, сары-жасыл түсті болады. Дән жарнағы сары. 100 үлкен және өте үлкен тұқымның салмағы — 7,3-7,7г.
Орта мерзімде пісетін сорт. Өсіп-өну кезеңі — 76 мен 100 күн аралығында. Құлап-жапырылуға, құрғақшылыққа төзімділігі орта деңгейден жоғары. Комбайнмен тікелей жинап алуға жарамды сорт. Тауарлық және ас-дәмдік сапасы өте жоғары. Дәндегі белок үлесі — 26,0-31,5 пайыз, дәмдік сапасы 4,5-4,6 балл.
Байқау мақсатындағы сортсынағы тәлімбағында пар айдалған алқапта астықтық түсімі, орташа, 9,6 ц/га болды, салыстыру үшін: Веховская 1 стандартты сортының түсімі — 8,6 ц/га. 2015 жылғы қолайсыз жағдайларда 6КПП (бидай) бойынша дәннің түсімі 13,7 ц/га болды. Осы дақыл үшін өте қолайлы ауа райы жағдайындағы сынақта ең жоғары өнімділігі 60,0 ц/га болды. Жоғары өнімділігіне, тауарлық және ас-дәмдік сапасының жоғарылығына және қоршаған ортаның залалды әсерлеріне төзімділігіне байланысты, сорт осы дақыл өсірілетін барлық аймақтарда бәсекеге толық жарамды. Жоғары экономикалық көрсеткіштерге ие. Пісіп-жетілу кезеңінде ылғалдың түсуіне байланысты қосымша бүршіктенетіндігі есебінен, әр гектардан жоғары сапалы дән жинау көрсеткіші стандарттан жоғары болады. 2014 жылдан бері пайдалануға рұқсат берілген.
2 081 -рет қаралды