Аса құрметті Ғалиолла Төлендіұлы!
Жаңалықтар

А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдар ұжымы атынан Сіздің даңқты 80 жылдық мерейтойыңызға орай ең шынайы құттықтауымызды қабыл алыңыз.
Қазақ аграрлық ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, селекция, тұқым шаруашылығы және мал азығын өндіру саласының білікті маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ретінде Сіз ел ғылымының абыройын асқақтатып келесіз.
Сіз — отандық жоғары оқу орындары мен шетелдік академиялардың құрметті профессоры, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигісіз.
Ғылым жолындағы қажырлы еңбегіңіздің нәтижесінде 230-дан астам ғылыми еңбек жарық көрді. Олардың қатарында 2012 жылы басылып шыққан «Жоңышқа» монографиясы, оқу құралдары мен өндірістік ұсынымдар бар.
Бұл еңбектер Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да жоғары бағаланып, кеңінен танымал болды. Сіз 30-дан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын шығарып, ұлттық аграрлық ғылымның дамуына зор үлес қостыңыз.
Өзіңіздің ғылыми мектебіңізді қалыптастырып, халықаралық ғылыми жобалар мен гранттарға табысты жетекшілік еттіңіз.
Сіздің ғылыми жетекшілігіңізбен 4 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты, 5 PhD докторы және 10 магистрант даярланып, ел ғылымының жаңа буыны тәрбиеленді.
Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, ғылымға адал қызметіңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді.
Осының бәрі Сіздің аграрлық ғылымның дамуына және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, жан-жақты тұлға екеніңізді айқын дәлелдейді.
Сіздің агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз етуді дамытуға, сондай-ақ еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен келісімді нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіңіз жоғары бағаланып, 2016 жылы «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, көптеген медальдармен және салалық марапаттармен атап өтілді.
Сіз өзіңіздің ерен еңбегіңіз бен биік парасатыңыздың арқасында Қазақстан ғалымдары арасында ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастық алдында да зор бедел мен жоғары абыройға ие болдыңыз.
Қадірлі Ғалиолла Төлендіұлы, Сізге ұзақ жылдар бойғы жемісті ынтымақтастығыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да өзара әріптестігіміз аграрлық ғылымның өркендеуі жолында ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жаңа биіктер мен толағай табыстарға жетуге ықпал етеді деп сенеміз.
Сіздің өмірлік қуатыңыз, рухани байлығыңыз, адамгершілік жылылығыңыз бен адамдарға деген сүйіспеншілігіңіз ешқашан сарқылмасын! Сізге және жақындарыңызға бақыт, зор денсаулық, бақ-береке және еңбекте табыс тілейміз!
Ізгі тілекпен, А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Басқарма төрағасы Бауыржан Қалибаев
103 -рет қаралды



















