.


Жаңалықтар / Жаңалықтар


А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтті

Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы қатысты. Сенат депутаттары ресми сапар аясында А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау және жер өңдеудегі заманауи агротехнологиялар бойынша соңғы жетістіктерін ұсынды. Сенаторлар орталықтың ғылыми әлеуетін, әзірлемелерін және аграрлық секторды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кеңейтілген отырыс «Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау мен тұқым шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналды.

Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков еліміздегі тұқым шаруашылығының қазіргі жай-күйі туралы баяндама жасады. Ол қазақстандық нарықта климаттық жағдайларға бейімделмеген шетелдік тұқымдардың басым екенін атап өтті. Бұл жағдай өнімділікті төмендетіп, импортқа тәуелділікті арттыруда.
Салада өзекті болып отырған мәселелерге ескі жабдықтар, мамандар тапшылығы және отандық селекционерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі жатады. ЕАЭО елдерінен айырмашылығы – Қазақстанда тек тұқым сатып алу субсидияланады, ал олардың өндірісі мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы Айгүл Ахмеджанова саланың қазіргі жағдайы туралы ақпарат беріп, 2024–2028 жылдарға арналған Селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында тұқым өндірушілерге қолдау көрсету және қазақстандық селекцияның басымдықтарын енгізу көзделіп отырғанын айтты.

А.И. Бараев атындағы орталықтың Басқарма төрағасы Тимур Савин өз сөзінде аграрлық ғылым мен онда еңбек етіп жүрген ғалымдарды қолдаудың маңызын атап өтті. Олар ондаған жылдар бойы жаңа сұрыптар жасап, климатқа бейімделген технологияларды әзірлеумен айналысып келеді.

Орталық ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғылыми-өндірістік инфрақұрылым, халықаралық ынтымақтастық, түрлі ғылыми ұйымдармен өзара әрекеттесу, алынған нәтижелерді енгізу мен тарату бағыттарындағы қызметін жандандырып отыр. Бұл – АӨК субъектілерінің ғылыми әзірлемелерге деген өсіп отырған сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Аталған жұмыстар білікті кадрлардың жетіспеушілігі, жастардың ғылымға келмеуі, тұрақсыз қаржыландыру (байқау процедураларына тәуелділік), материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мен базалық қаржыландырудың шектеулілігі сияқты қиындықтарға қарамастан жүзеге асырылып жатыр.

Сенаторлар бұл мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын екендерін білдіріп, отандық селекцияны дамытудың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

Іс-шараға сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-тың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ғалымдар мен сала мамандары қатысты.
скачать dle 12.0
4 550 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх