Дәнді дақылдардың аурулары бойынша жағдайы және 2022 жылға арналған даму болжамы


Главная / Жаңалықтар / Жаңалықтар


Ресурсүнемдегіш технологиялар жағдайында фитосанитарлық жағдайды оңтайландыру мәселелері ерекше өзекті және практикалық маңызға ие, ал өсімдіктерді қорғау ауылшаруашылығыдақылдарының өнімділігі мен сапасын сақтаудың маңызды резервіне айналды. Өсімдік қорғау бойынша іс-шаралардың негізгі нәтижесі және дәнді дақылдардың өнімін сақтауды қамтамасыз ету зиянды ағзалардың таралу болжамы мен олардың уақытылы орындалуы шығындарды болдырмаудың негізін құрайды.


Егістіктердегі фитосанитарлық жағдай абиотикалық және биотикалық факторлар кешенінің әсерінен болады. Фитосанитарлық мониторинг пен болжам деректері өнімнің ықтимал шығынын, экономикалық орындылығын, қорғау іс-шараларын жүргізу мерзімдері мен өңдеу санын айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен дәнді дақылдардың тат, септориоз аурулары аса қауіпті зиянды ағзалардың тізіміне енгізілген.

Аэрогенді инфекциялар (тат, дақ түрлері және т.б.) әдетте өсірілетін дақылдардың өнімділігі орташа деңгейден жоғары болатын жылдары қауіпті. Қазақстанның солтүстік өңірлері бойынша дәнді дақылдардың тат ауруының көпжылдық динамикасында соңғы жеті жылдың ішінде 2016 жылы эпифитотия деңгейінде дамуы байқалды. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жаздық бидай егістіктерінің зақымдану дәрежесі 20-30%-дан 50-75%-ға дейін ауытқиды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астық өнімін 20-25 ц/га алудың орнына 6-8 ц/га төмен өнім алады, яғни шығындар өнімнің үштен бір бөлігінен астамын құрайды.

2017-2019 жылдары жаздық бидай егістіктерінде сабақтық және қоңыр тат ауруы байқалды, бірақ әлсіз (5-10%) және орташа (10-25%) деңгейде дамыды. 2020 жылы жаздық бидай егістіктері, негізінен кеш мерзімде себілген танаптар сабақтық және қоңыр тат ауруының таралуы мен дамуынан, сондай-ақ септориозды-гельминтоспориозды дақтардан зардап шекті. Астықтың сүттене пісу кезеңінде, егістіктерді фунгицидтермен өңдеу жұмыстары жүргізілмегенде бидайдың тат ауруларымен және дақтармен кешенді зақымдануы 25-50%-дан 75-100%-ға дейін болды. Фунгицидтер қолданылған нұсқалармен салыстырғанда (25,5 ц/га) қорғау шаралары жүргізілмеген нұсқаларда аурудың салдарынан астық өнімінің шығыны шамамен 40%-ды құрағаны анықталды.


2021 жылы Ақмола облысының 12 ауданында дәнді дақылдардың егістіктерінде фитосанитарлық мониторинг жұмыстары жүргізілді. Аймақта жауын-шашын мөлшері аз болған құрғақшылық жылдары, бидайдың масақтану кезеңінің басында жапырақ-сабақтық аурулармен залалдануы 3-5%-дан аспады. Алайда, дәнді дақылдардың толысу кезеңінде 12-16 шілде аралығында түскен жауын-шашын мөлшерінен кейін көптеген аудандарда жапырақтардың септориозды-гельминтоспориозды дақтары таралды. Жапырақтардың залалдану дәрежесі 7-10%-дан 15-25% аралығында ауытқыды. Сорттардың сезімталдығына байланысты кейбір жерлерде аурулардың зияндылық шегі критерийінен жоғары болды. Негізінен құрғақшылық жағдайларға қарамастан, тамыздың басында түскен жауын-шашын мөлшері астықтың сүттене пісу кезеңінде дақ ауруының даму қарқындылығы 25-35%-ға жетуіне жеткілікті болды.

2021 жылы Зеренді, Бурабай және Шортанды аудандарында бидайдың қоңыр татпен залалдануы байқалды. Тат ауруларының даму қарқындылығы шамалы болды және белсенді қорғау шараларын қолдану орындылығының шегінен аспады.

Егістік алқаптарда егін жиналған кейінгі өсімдік қалдықтары мен өткен жылдардағы шірімеген қалдықтардың көп мөлшері топырақ бетінде қалатынын ескере отырып, көптеген аурулардың инфекциялық қоры топырақта жоғары мөлшерде сақталады. Климаттың жаһандық жылынуы жағдайында қыс айларында температураның жоғарылауы дәнді дақылдардың егіс алаңына және фитосанитарлық жағдайына ықпал етпеуі мүмкін емес.

Әрбір ауру қоздырғышқа тән өзіндік экологиялық талаптары бар. Бірақ нақты жағдайда дақ ауруларының пайда болуына күндізгі және түнгі температураның кенеттен өзгеруі жағдайында жиі байқалатын шамалы жауын-шашын мөлшері мен шық жеткілікті. Жалпы алғанда дәнді дақылдардың егістіктерінде жапырақ-сабақтық инфекциялардың таралуы мен дамуы үшін ылғалдану жағдайы және температуралық режимі орташа көп жылдық көрсеткіштер деңгейінде немесе одан жоғары болғанда қолайлы болып табылады.

Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, 2022 жылы бидай мен арпа егістіктерінде септориозды-гельминтоспориозды дақтармен залалдану дәрежесі орташа және күшті деңгейде байқалуы күтіледі.

Тат ауруы түрлерінің таралуы мен даму дәрежесіне маусым-шілде айларындағы ауа-райы жағдайлары және Батыс Сібірден, Еділден және т.б. көршілес аумақтардан инфекцияның ауа ағынымен, сондай-ақ бұлттық жүйесі арқылы әсер етеді.

Біздің ауа-райы жағдайына қарама-қайшы келетін дақылдың өсіп-дамуы кезеңінде егістіктерге тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу қажет. Фунгицидтерді қолданып жүргізілген кез-келген қорғау шаралары, егер ол аурудың жаппай таралуы басталғанға дейін уақтылы жүргізілсе, жоғары нәтиже береді.

Ауруларға қарсы дақылдарды өңдеу үшін тіркелген фунгицидтердің үлкен ассортименті бар. Препаратты таңдағанда қорғаныс әсерінің ұзақтығына, механизмі мен әсер ету спектріне назар аудару керек. Біздің жағдайда, фунгицидті дұрыс таңдау арқылы аэрогенді инфекциялардан қорғау үшін бір рет қолдану жеткілікті.

2021 жылғы өнімнің тұқымдарын фитопатологиялық талдау нәтижесі көрсеткендей, барлық дақылдарда, тіпті алдыңғы жылы өте құрғақшылық болғанына қарамастан, Fusarium (5-15%), Alternaria (5-40%), зең (1-10%) және патогендердің мамандандырылған түрлері (3-15%) полифагты саңырауқұлақтармен залалданған патогендік кешені бар.

Қазақстанның солтүстік аймақтарында гельминтоспориозды (Bipolaris sorokiniana Shoem.- синонимы Helminthosporium sativum P.R. et Bakke) және фузариозды (Fusarium spp.) тамыр шірігі бидайдың, арпаның кең таралған ауруларының бірі болып табылады. Соңғы жылдары бұл дақылдардың тамыр шірігі ауруларының түрлерімен залалдануында өзгерістер байқалады. Ең қауіпті фузариозды тамыр шірігінің қоздырғышымен залалдану үлесі артуда. Бұрынғы дәстүрлі өсіру технологиясында гельминтоспориозды тамыр шірігі едәуір басымдылықты көрсеткен.

Тамыр шірігі созылмалы аурулар ретінде жыл сайын пайда болады. Инфекция топырақта, тұқымдарда және өсімдік қалдықтарында сақталады. Сонымен қатар, егістіктерде эпифитотикалық ошақтардың пайда болуына қазіргі уақытта фузариоз қауіпті дақылдарды өсіру алаңдарының өсуі ғана емес, сонымен қатар жақын шет елдерден ауру жұқтырған тұқымдарды тасымалдау, сондай-ақ дұрыс таңдалмаған тұқым дәрілегіштер себеп болуы мүмкін. Сондықтан тұқым инфекциясын диагностикалау өте маңызды. Фитопатологиялық талдаудың стандартталған әдістері қарапайым және тұқымдар мен өскіндердің инфекциясын айқын көрсетеді.

Топырақ инфекциясы, атап айтқанда тамыр шіріктерінің қоздырғыштары өсімдіктердің қалдықтарында және ризосфера-тамыр аймағында үнемі кездеседі, өсімдіктер үшін қолайсыз жағдайларда қарқынды жұғады. Топырақтық-тұқымдық инфекциялардан жыл сайынғы өнім шығыны 5-7%-дан 15-20%-ға дейін.

Негізгі астық өсіретін аймақтарда күзде топырақтағы микробиологиялық процестер жылудың жетіспеушілігімен шектеулі. Көбінесе егінді жинау жұмыстары минус температура басталған кезде аяқталады. Өсімдік қалдықтарындағы ауру қоздырғыштар қыстың қолайсыз жағдайларына жақсы төзіп, көктемге дейін сақталады. Топырақтағы гельминтоспориозды тамыр шірігінің конидиясы 5 жылға дейін тіршілікке қабілетті болып табылады, ал шіріген өсімдік қалдықтарынан мицелий тез сапрофитті микроорганизмдермен алмастырылып, тіршілікке қабілеттілігін жоғалтады.

Тұқымдарды өңдеу үшін тіркелген препараттардың ауқымы кең, оған фунгицидтік және инсекто-фунгицидтік әсерлі әртүрлі химиялық қосылыстардың туындылары кіреді. Бір компонентті, көп компонентті, жанаспалы және жүйелі препараттар бар. Тұқымдарды себу алдында өңдегенде препаратты дұрыс қолдана отырып, тұқымдарды едәуір сауықтырып, егін көгін зиянкестерден қорғап, өсімдіктердің өсуі үшін ең жақсы бастапқы жағдай жасауға болады.


Серекпаев Н.А. "А.И. Бараев атындағы АШҒӨО" ЖШС Басқарма төрағасы.,а.ш.ғ.д.

Кочоров А.С. Өсімдіктерді қорғау зертханасы меңгерушісі., а.ш.ғ.к.

Ногаев А.А. Егіншілік бөлімі меңгерушісі., РhD. д.

Тулеева А.К. Өсімдіктерді қорғау зертханасының аға ғылыми қызметкері, а.ш.ғ.к.

скачать dle 12.0
1 153 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх