Владимир Петрович Шашков


Тарих беттері
Владимир Петрович Шашков Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымының ардагері, өсімдіктерді қорғау саласындағы белгілі ғалым, ауыл шаруашылығының докторы. В.Шашков 1943 жылы 27 шілдеде Орынбор облысының Орынбор ауданына қарасты Төменгі Павловка селосында туған.
Владимир Петрович Шашков 1965 жылы Орынбор ауыл шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейін өндірістік қызметін Ақтөбе облысындағы Дзержинский кеңшарының бөлімшесінде агроном-тұқым өсіруші болып бастады. 1967-1971 жылдар аралығында Орынбор облысының Лесной ұжымшарында бас агроном, кейін ұжымшардың төрағасы міндеттерін атқарды.

Владимир Петрович 1971 жылы БАШҒЗИ аспирантурасына оқуға түскен күннен бастап ғылыми қызметпен айналысты. Ол 1977 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап шықты.

Өзінің осынау қызметінде Владимир Петрович А.И.Бараев, А.А.Зайцева, Э.Ф.Госсен секілді топырақты қорғау егіншілігінің негізін салушылардың жетекшілігімен арамшөптермен күрес бойынша шараларды әзірлеуге қатысты.

Владимир Петрович Шашковтың жинақтаған өндірістік тәжірибесі мен ғылыми жұмыстағы машықтары оны 1981-1985 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы өндірісіндегі егіншілікте топырақты қорғау жүйесін пысықтау және енгізу бойынша көмек көрсету үшін Моңғолия Халық Республикасына іссапарға баруына себепкер болды.

Ол 1988 жылдан А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында өсімдіктерді қорғау жөніндегі зертхананың меңгерушісі қызметін атқарса, ал 2003 жылы бас директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Владимир Петрович Шашковтың 2005 жылы қорғалған ауыл шаруашылығы ғылымдарының доктор ғылыми дәрежесінің диссертациясын ғылыми қызметінің жиынтығы ретінде атауға болады.

В.П.Шашковтың басшылық етуімен және оның тікелей қатысуымен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қарқынды технологиялары кезінде түрлі ауыспалы егістерде арамшөптермен күресудің кешенді шаралар жүйесі әзірленіп,астық дақылдары егістерінде мысыққұйрыққа қарсы гербицидтердің гранулалы және сұйық формаларын әуеден және жерүстінде қолданудың тиімділігі айқындалды.

Владимир Петрович ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы ретінде «Өсімдіктерді қорғау ҒЗИ» ЕМК жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Ол ғылыми-педагогикалық қызметті қоғамдық және ұйымдастырушылық жұмыспен ұштастырып, аудандық, облыстық және аймақтық аграрлық жиындарда баяндамалар жасап жүрді. Ал 2003 жылы В.П.Шашков Шортанды ауданының аудандық мәслихатына депутат болып сайланды.

Оның жүзден аса ғылыми жұмысы, оның ішінде «Эстремалды жағдайдағы егіншілік» (Моңғолия, Ұлан-Батор) және «Солтүстік Қазақстанда арамшөптермен күресудің кешенді шаралары» (Қазақстан, Шортанды) атты 2 монографиясы түрлі ауыл шаруашылығы журналдарында жарық көрген.

Владимир Петрович Шашковтың көп жыл бойы атқарған ғылыми, халықаралық және қоғамдық қызметі «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты адал еңбегі үшін», медалімен және одан өзге де марапаттармен, құрмет грамоталарымен және сыйлықпен бағаланған.

скачать dle 12.0
1 019 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх