"Лазурная" - жоңышқа сортының ерекшелігі қандай?
Ұсыныстар / Селекция
Сорт авторлары: Е.И. Парсаев, Т.М.Коберницкая, Г.Н. Чуркина, Б.К. Канафин.
Жоңышқаның «өзгермелі» түріне, көкгибридтілер тобына жатады. Орташа мерзімде пісіп-жетіледі.Көктемде қылтиып көрінгеннен алғашқы орымға (гүлдей бастаған кезі) дейінгі уақыт — 51-62 күн, тұқымның әбден пісіп-жетілуі — 110-117 күн аралығында, бірінші орым мен екінші орымның арасына 38-40 күн уақыт керек. Көктемде тез қаулап шығады, ал жазда орып алғаннан кейін де, ылғал жеткілікті болса, жақсы өседі. Сорт қысқы салқынға және құрғақшылыққа төзімді келеді, өсімдік аурулары мен тұқым зиянкестерінен сирек зардап шегеді. Өсімдіктің биіктігі — 54-71 см. Жапырақтану көрсеткіші — 53,2 пайыз. 1000 дана тұқымның салмағы — 1,9-2,1 г.
Бұл — көк шөп және тұқым жинау бойынша мол өнім беретін сорт. Алты жыл жүргізілген зерттеулер қорытындысы бойынша әр гектардан, орта есеппен, 190,0 центнер көк шөп орылады, пішен жинау бойынша орташа көрсеткіш — 56,7 ц/га; тұқым жинау бойынша — 2,7 ц/га.
Кептірілген шөптегі шикі протеиннің үлесі — 17,8-20,2 пайыз аралығында, шикі клетчатка — 16,9-19,9пайыз, сіңімді протеин — 11 пайыз, ауыспалы қуат — 10,23 мДж, азықтық бірлік — 0,847 кг/кг.
Сорт 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының селекциялық жетістіктерінің Мемлекеттік тізіліміне енгізіліп, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өндіріске пайдалануға рұқсат берілген. Сорт патенттелген.
4 819 -рет қаралды