«Дамсинская юбилейная» жаздық қатты бидай сорты-тозаңды қаракүйеге төзімді
Ұсыныстар / Селекция
Авторлары: Р.М. Сүлейменова, Ж.М. Нұрғалиева, С.А. Бабкенова.
Дамсинская юбилейная — «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-да шығарылған жаздық қатты бидай сорты. Арғы тегі: 143-00, Cocorit 71 / Саратовская 29, F5.
Гордеиформе түршесіне жатады. Масақтары қызыл түсті, қанықтығы орташадан жоғары, тік; қысқа (6,0-7,5 см, қалыңдығы 0,7-0,9 см), тығыздығы орташа (әр бастың 10 сантиметрлік бөлігінде 21-24 бунақтан жиірек). Масақ қабыршақтары қызыл, үшкір, орташа (ұзындығы 10-11 мм, көлденеңі 2 мм), тік, әлсіз байқалатын сирек жолақшалы. Түйіндері ұзына бойына анық байқалады, тегіс. Түйін кертешелері қысқа (0,7 -1,2 мм), сәл бүгіліңкі. Қылқандары жіңішке, қатқыл емес, өте ұсақ кертешелері бар, айрықты, иілімді, ұзын – масақтарынан 1,5-2 есе ұзынырақ.
Дәні янтарь түстес сары, ұзыншалау (4-5 см), ұсақ «айдары» бар.
Орта мерзімде пісетін сорт. Масақ пен қылқандарының қызыл түсті болуы пісіп-жетілу кезеңінде Күн сәулесі аз түскен, бұлтты уақыттарда, пісіп-жетілуге қажетті энергияны көбірек сіңіруге септігін тигізеді.
Дамсинская юбилейная сорты топырақтағы және ауадағы құрғақшылыққа төзімді, иілімділік қасиеті де жоғары. Құрғақшылық жағдайларында аудандастырылған сорттардан гөрі 12-15 пайызға артық өнім береді. Тозаңды қаракүйеге төзімді.
Жоғары сапалы сорт ретінде сипатталады, шикі ұлпа үлесі Дамсинская 90 сортынан 0,3-0,5 пайызға артық. Шикі протеин үлесі стандарттан 0,12-0,12 пайызға артық. Дәннің мөлдірлігі 94-97 пайыз. Астық сапасына берілетін жалпы баға стандарт көрсеткішінен 0,3 баллға артық.
Иілімділік қасиетінің жоғарылығына байланысты Қазақстанның солтүстік аймақтарында түрлі жағдайларда өсіруге қолайлы. 2012-2014 жылдары түрлі күтіп-баптау шаралары арқылы жүргізілген зерттеулер кезінде жаңа сорттың астық өнімділігі, орташа алғанда, гектарына 18,23 центнер болды, ал Дамсинская 90 стандартының өнімділігі — 16,85 ц/га. 2013 жылы орман қабатымен қорғалған алқапта 32,3 ц/га өнім берді, стандарттың көрсеткіші — 29,1 ц/га. Үлкен құрғақшылық болған 2014 жылы өндірістік сортсынағында өнімділігі 20,8 ц/га көрсеткішті құрады, стандарттың көрсеткіші — 16,7 ц/га. Солтүстік Қазақстан облысы жағдайында 2013-2014 жылдары сорт, орташа алғанда, 24,7 ц/га өнім берді, бұл жерде Омская янтарная сортының өнімділігі — 22,4 ц/га.
1 732 -рет қаралды