Юрий ПОХОРУКОВ: 2018 жылғы жаздық бидай, астық түсімі және сапа туралы


Жаңалықтар
Қазақстанның солтүстігінде биылғы егіс науқанының нәтижесі күткеніміздей болды: жаздық жұмсақ бидайдан орташа көрсеткіштен жоғары өнім алынды. Әрине, айта кету керек, Солтүстік Қазақстанның әр қиырында, әр ауданында алынған өнімнің орташа көрсеткіші 7 ц/га мен 36 ц/га аралығында ауытқыды. Бұл, жауын-шашынның әр жерге әртүрлі мөлшерде түсуінен болды. Сонымен қатар, агротехника, яғни күтіп-баптау шаралары деңгейінің әртүрлілігі де өз әсерін тигізгені сөзсіз.

Мысалы, Есіл, Егіндікөл, Целиноград, Қорғалжын және басқа бірқатар аудандарда кейбір жерлерде жауын-шашын тиісті мөлшерден аз болып, соның салдарынан алынған өнім көрсеткіші де 10 ц/га көрсеткіштен төмен болды.

Таңғаларлығы, барлық аудандарында болмаса да, Қарағанды облысында ауылшаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алынды. Айталық, Осакаров ауданында шаруалар көктемгі егіс тұсында да, пестицидтермен өңдеу жүргізу кезінде де, астық жинау науқанында да дамыл бермей, үсті-үстіне жауған жауынмен бетпе-бет келді. Соған қарамастан мол өнім алынды.

Тұтастай алғанда, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (әрі қарай — Ғылыми Орталық) ауа-райына қатысты мәліметтері бойынша, өсіп-өну кезеңінде (мамыр-тамыз) жауын-шашын көпжылдық көрсеткіштерден 70-80 мм-ге артық түсті. Мұнымен қатар, ауа температурасы әр айға байланысты 1,3-3,7 С-қа төмендеу болды. Тек шілде айындағы ауа температурасы ғана көпжылдық көрсеткішпен бір деңгейде сәйкесті. Осының бәрін саралай келгенде, мол өнім алынатыны белгілі еді, дегенмен, жаздық бидайдың дәнінің сапасы төмен болады деп күтілді. Әсіресе, тамыз айындағы жауын-шашынның тиісті мөлшерден екі есе жоғары болуы осындай болжамдарға жетелеген-тін. Бірақ дәннің сапасы айтарлықтай өзгерген жоқ, ауа райы жағдайлары тек ерте кезеңдегі ұлпаның сапасы мен жалпы алғандағы дәннің түсіне ғана әсер етті.

Ғылыми Орталықтың мәліметтері бойынша, Ақмола- 2 жаздық бидай сорты дәнінің құрамындағы шикі ұлпа үлесі, тұқымның ерте не кеш себілуіне қарай, 25 пайыз бен 32 пайыз аралығында болды. Ерте (5-10 мамыр) егілген егісте шикі ұлпа үлесі жоғарылау, ал кештеу (4 маусым) егілген жағдайда, көрсеткіш төмендей береді.

Айта кету керек, Ғылыми Орталықтың агротехника зертханасының мәліметтері бойынша, неғұрлым ерте егілген егістен молырақ өнім (28-30 ц/га аралығында) алынып отыр. Бұл - сирек кездесетін жағдай, соңғы рет мұндай жағдай 2002 жылы тіркелді. Ал дән себу ұсынылған уақыттарда жүргізілген егістен алынған түсімнің көрсеткіші 21-28 ц/га аралығында болса, кеш егілген егістен 21 ц/га шамасында өнім алынды.

Тағы бір айта кеткіміз келетіні, ерте және ұсынылған кезеңде егілген егістерде себу мөлшерін ұсынылған мөлшердің ең жоғары деңгейіне жеткізу керек еді, бұл (Ғылыми Орталықтың мәліметтері бойынша) астық түсімін, орташа алғанда, 3 ц/га көрсеткішке арттырған болар еді. Ал кеш егілген егісте себу мөлшерін төменгі мөлшер ретінде қалдыру керек.

Мына жайтқа да тоқтала кетейін, қазір «жаздық бидайдың отандық селекциядан шыққан сорттарына, бұрын жалпылай есептегенде көбірек өнім алынатын еді» деген сыңайда сыни пікірлер айтылатын болып жүр. Мен бұл пікірлермен келісе алмаймын, өйткені бұрын егіс алқаптарының көлемі қазіргіден әлдеқайда артық еді, сондықтан астық түсімінің жалпы алғандағы мөлшері де қазіргіден жоғары болатын. Ал жаздық бидайдың бұрынғы сорттары да жақсы, дегенмен, олар қазіргі сорттардан түсім және сапа көрсеткіштері жағынан асып түсе алмайды. Мысалы, Ғылыми Орталықта шығарылған сорттарды алар болсақ, сапаға негізделген (мысалы, Астана сорты), мол түсім алуға лайықталған (мысалы, Шортандылық 95 жетілдірілген), сондай-ақ, пісіп-жетілу уақыты, дән көлемі, сапаның жекелеген көрсеткіштері, ауруларға төзімділігі, т.с.с. бойынша сорттардың тұтас тізімдері бар.

Сондықтан да әрбір фермер дұрыс таңдау жасасын деп тілеймін.
скачать dle 12.0
2 286 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх