Бараев орталығында БАҚ өкілдері үшін пресс-тур ұйымдастырылды


Жаңалықтар
Бүгін А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында топырақта ылғалдың біршама қорын жинап, егіс өнімділігін арттыратын агротехникалық шараныі бірі - қар тоқтату өтті. Осыған орай Бараев орталығында БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының болашақ түсімін арттыру шаралары қазірден басталып, орталықта агротехникалық жұмыстарды жүргізу үшін бұрыннан бар екі КА-700 тракторына жаңадан екі КА-744 тракторы сатып алынды.

Тәуекелді егіншілік жағдайында барлық жауын-шашынның сақталуы мен оның ұтымды пайдаланылуы ерекше мәнге ие. Сондықтан да бұл шара топырақтың агрофизикалық қасиеттерін жақсарту, қар тоқтату жолымен ылғалды толық жинау және сақтау арқылы шешіледі.

Қар тоқтату – қысқы жауын-шашын есебінен топырақта ылғал жинауда маңызды. Далада қар тоқтату жұмыстарын жүргізу кезінде диқандарға уақыттан ұтылмағаны жөн. Қар тоқтату қар жамылғысының тереңдігі 12-15 см кем емес болған кезде желсіз ауа райында жүргізіледі. Қар үйінділері желдің бағытына көлденең орналасуы тиіс. Солтүстік өңірлерді құрғақшылық жайлаған жылдары қар жаууының көмегімен қар жамылғысының қуатын 2,0-2,5 есе арттыруға болады, қар суын 55,0-70,0 мм дейін толықтыруды қамтамасыз ете отырып, қар тоқтатпаған стернаға қарағанда жаздық бидайдың көлемін 2,0-3,5-5,0-7,0 ц/га-ға арттыруға болады.

Қыста қар тоқтатуды тиімді реттеу үшін жекелеген алқаптардағы қар жамылғысының биіктігіне, топырақ температурасына, оның қату тереңдігі мен ылғалдылығына жүйелі бақылау жүргізу қажет. Бүгінгі таңда бараевтық диқандар осы бағытта тынымсыз еңбек атқарып жатыр.

Сонымен қатар, пресс-тур аясында жас ғалымдарды ауыл шаруашылығы ғылымына тарту, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды.

Биылғы Жастар жылында бұл тақырып өте өзекті. Осы орайда Бараев орталығының жас ғалымдары үшін 2018 жыл өте табысты болды. Мысалы орталықтың Қатты бидай зертханасының жас ғалымдары «Дамсинская 2017» сортынан 46,5 центнер өнім алды. Мұндай нәтижеге жету үшін орталық қызметкерлері бірнеше жыл жұмыс істеді.

«Біз орталығымызда жас ғалымдар мен қызметкерлерге көп көңіл бөлеміз. Оларға көп үміт артып, зертхана меңгерушісі сияқты қызметтерге шығарып жатырмыз. Қазіргі кезде біздің жас ғалымдар Израиль, Дания және алыс-жақын шетелде білімін жетілдіріп, кәсібилігін шыңдап жатыр», - деп ой бөлісті АШҒӨО бас директоры Кенже Абдуллаев.

ФОТОРЕПОРТАЖ: http://baraev.kz/media/suret/489
скачать dle 12.0
1 411 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх