«Наурыз көже»-бірлік пен татулық, молшылық бастауы - Өнерхан Сансызбай


Жаңалықтар
2010 жылдың 23 ақпанынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз» күні аталып келеді. Ал, Наурыз мейрамының мәнін ашып мағынасын келтіретін маңызды ас- «Наурыз көже». Бұл Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы, наурыз мейрамының айшықты белгісі.

Көне заманнан бері Наурыз мейрамында – өте мұқият дайындалған наурыз көже жасап, «жылбасы, көктем мерекесін» тойлайтын жақсы үрдіс жалғасып келеді. Осынау игі дәстүріміз салтанатпен аталып өтетін киелі мейрамға, «Самарқанның көк тасы жібитін» жалпыхалықтың мерекеге Елбасы Н.Ә.Назарбаев арнайы келіп, елмен бірге Наурыз көжеден дәм татып, игі тілегін білдіруді қастерлі санайды.

-Наурыз көже- бірлікке шақырады, татулықты ту көтереді, ол-молшылық пен көңіл дархандығын көрсетеді,-дейді Астана қаласындағы медицина университеті, профилактикалық медицина және Тағамтану кафедрасының тағамтану технологы, «Ас-арқау» инновациялық жобасының жетекшісі Өнерхан Сансызбай.

-Наурыз мейрамы«наурыз көжесіз» өтпейді. Түркітілдес халықтардың барлығының дастарханында осы қасиетті ас бар. Ата-бабаларымыздың осынау жеті түрлі дәннен дайындалатын тағамға ерекше назар аударуының мәні неде?

– Қазіргі жаңа жылды шыршасыз тойлау мүмкін болмайтыны сияқты Наурыз мейрамын наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Наурыз көжеге қосылатын жеті дәнді дайындаған кезде адамзаттың табиғат заңдылықтарымен үйлесім табу диалектісі мұқият сақталады. Онда адамзат табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесім болып, жасампаздыққа қол жеткізетіндігі ескерілген. Және жеті түрлі дән: бидай, ет, сүзбе қатық, су, тұз, бұрыш  және көк (пияз). Бұл жетеуі – адамзат болмысындағы жеті әлемнің кие тектері: бидай – Жер-Ана дәні; қатық – ақ дәні; ет – қызыл дәні; су – тәңір дәні; тұз – ас дәмі; бұрыш – от дәні; пияз – көк (жел, ауа) дәні. Наурыз көженің құндылығын, мән-маңызын біздің баһадүр бабаларымыз терең түйсінген, нақ білген. 

– Наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі дәннің құнарлығын халықаралық тағамтану академиясы жоғары атап, әлемдік стандарттарға сай деп баға берген. Осы жеті түрлі дәнге кәсіби маман ретінде қандай сипаттама берер едіңіз?

-Көне замандардан бері қазақ халқы несібесінің келер жылы да мол болуын тілеп күзгі бидайды қамбаға салған кезде келер көктемдегі ұлыстың ұлы күніне  бағыштап,  наурыз көженің бидайын  бөлек дайындап қояды. Мұны бір деңіз, ендігі жерде мал тойынған, сүт қойылған күзгі соңғы сүттен сүзбе, қатық сүзеді. Бұл осы жылдың соңғы сүтінен дайындалған – ас дәмінің падишасы, ас құнарының маңызы және келер жылғы наурыз көженің бас дәмі.

Үшіншіден, қазақ халқы мал әбден тойынған, еті құнарланған кезде қараша айында қыс азығын дайындап соғым сояды. Етті бұзып сорғытады да, тұздап, ыстап кептіреді. Бірнеше жас малдың етін бүктеп, жас қалпында сақтап қояды. Келер Наурыз мейрамындағы Ұлыстың ұлы күні киелі қара қазанға салынатын кәделі жіліктер бағышталып, ерекше дәмделіп тұздалған соң ысталып, белгілі мөлшерде кептіріледі де, абдыраға салынып сарымайдай сақталады.

Төртіншіден, наурыз көжеге ас тұзы да қосылады. Шығыс халықтарында тұзға жеңіл-желпі қарауға, үстел үстіне, жолға төгуге болмайды.

Бесіншіден, көк жемісі (пияз) сарымсақты біз ас дәмі ретінде қабылдаймыз. Шынтуайтында ол –ағзаға өте қажетті, қорғаушы және аурудан сақтаушы зат.

Алтыншы, қара бұрыш, қалампыр секілді қоспалар дәмдеуіштер және бұлар да аса пайдалы заттар.Бұларды сақтайтын етке де салады. Наурыз көжеге қасиетті зат ретінде ырыммен қосады.

Жетіншіден- су. Адам ағзасының 70 пайызын құраушы судың өзі тірі ағза. Барлық ақпаратты сақтаушы. Осылай табиғат заңдылықтарыменүйлесімді дайындалатын Ұлыстың ұлы күнінің маңызды асы Наурыз көже тағамтану ғылымының талаптарына да сай.
 
-Наурыз мейрамында құс сүтінен басқаның бәрі табылатын дастарханды көріп жүрміз. Наурыз дастарханын тым әсірелеп көрсетіп жіберген жоқпыз ба?

-Негізінде, Наурыз мейрамында ата-бабаларымыз дастарханға Наурыз көжеден бөлек, жеті түрлі ас-тағамдарды дайындаған. Оның өзі дастархан сәнін келтіріп, салтанатын асырып тұрған. Енді сол жеті түрлі ас-ауқат не дегенге келсек, алдымен: қымыз, ет тағамдары: қазы-қарта, жал-жая, шұжық, әсіп, кәделі жіліктер, мәнті, тұшпаралар, қарынға салған қуырдақтар. Сүт тағамдары: май-сарымай, ақмай, жұмсартылғанмай; құрт-жармақұрт, шақпақұрт, малтақұрт, езбеқұрт; ірімшік-ақірімшік, мәйекірімшік, үрмеірімшік; қаймақ-балқаймақ, жалқаймақ, қазанқаймақ, қоспа қаймақ т.б. Жарма тағамдары: тары-майсөк, қуырғансөк, бөртпесөк, сөккөже; жент-майжент, жармажент, үрмежент, талқан т.б.Ұн тағамдары: бауырсақтың 20-дай түрі; құймақ-сүтқұймақ, майқұймақ, жетішелпек, орамалар. Көк жеміс-жидектер. Сонымен қатар наурызда алғашқы төлдеген мал уызы.

Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы Наурыз көже ниеттен басталып, жүйелі іс-әрекеттің нақты пайымдарымен өз мәресіне жетіп, жан біткенге шаттық сыйлап, ырыздық, береке-бірлік әкеледі.

- «kult.fora» рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар» қоғамдық қоры Наурыз мейрамында Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға бағытталған «Президенттің Наурыз көжесі» іс-шарасын өткізетін үрдіс қалыптастыру керектігін айтып жүр. Осынау қолдауға тұрарлық игі іс туралы сіздің пікіріңіз қандай?

-Бұл ежелгі жыл басы Наурыз мейрамының халықаралық мәнін аша түсетін ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын айшықтайтын ұстынды жоба. Әлбетте бұл Наурыз көжесін «Президенттің Наурыз көжесі» деп атын ауыстыру емес - «Жыл басы, көктем мерекесі» - «Наурыз мейрамында» «Президенттің Наурыз көжесі» іс-шарасын өткізетін үрдіс қалыптастыру деген сөз.

Рас, қазір әлемдегі барлық елде Жаңа жыл мейрамында, «Президент шыршасын» өткізетін жақсы үрдіс бар. Ал қазақ елі бірінші болып осы үрдісті-Наурыз мейрамында «Президенттің Наурыз көжесі» іс-шарасымен өткізсе, онда біз сана тәуелсіздігі, рух тәуелсіздігін сезінуге тағы бір үлкен қадам жасай отырып,«Ұлыстың ұлы күні», «Ұлттық рухани жаңару күні», «Жыл басы», «Таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыру межесін» әлем елдері «Жыл басы мейрамы» деп тануына себепші болар едік. Бұған азат ойлы, саналы азаматтар, ұлт тұлғалары қолдау көрсетіп бір жеңнен қолшығарып жатса нұр үстіне нұр болары анық.

Себебі, бұл – бүгінде кезі келіп, заманы жеткен тарихи құбылыс. Табиғат заңдылықтарымен мінсіз үйлескенсоны үрдіс. Біз «Ұлы дала ас-тағамдарының» аса қажетті ас, әрі таптырмайтын дәрі сондай-ақ экономикалық табыс әкелетін әлеуеттілігін өзіміз мойындай алмай жүргенде қазір Германия, Франция, Голландия, Канада, Жапония сияқты елдер қымызды дастарханның сәні, асының нәрі, денсаулығының кепілі етіп, қоймай ақшаның көзіне де айналдырып алды.
скачать dle 12.0
2 929 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх