Дәлме-дәл егіншілік: диқандар ақылды суару жүйесіне көшпек
Жаңалықтар
Егістік алқабын суару үшін міндетті түрде механизатор жалдаудың қажеті жоқ. Смартфондағы батырманы басу арқылы үйде отырып-ақ шаруаны дөңгелетуге болады. Бұл – америкалық инвесторлар ұсынған дәлме-дәл егіншіліктегі ақылды технология. Шортанды ауданында өткен «Дала дәні» халықаралық дала күніне орайластырылған шарада отандық фермерлер осы және басқа да тың жаңалықтарға қанықты.
А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында өткен диқандар құрылтайында елдегі аграрлық саланың өзекті мәселелері қаузалды. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева бүгінде 600 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтірумен қатар, қосымша 1,5 млн гектар суармалы жерді айналымға жіберу күн тәртібінде тұрғанын айтты.
– Таяу болашақта суармалы жердің көлемін 3,5 млн гектарға жеткізу межесі алға қойылып отыр. Бұған тек инновациялық технологиялар арқылы қол жеткізуге болады. Сол себепті осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келіскен америкалық әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Бүгін ашылған тәжірибелік алқап дәлме-дәл егіншілікті енгізудегі озық алаң болары күмәнсіз. Сондай-ақ А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында Valley компаниясының оқыту сыныбы ашылды. Америкалық әріптестеріміз жаңа технологияны тиімді пайдаланудың жолын көрсетуге әзір. Бұл егін шаруашылығындағы өнімді және сапаны жақсартады деген үміттеміз, – дейді Г.Исаева.
Салалық ведомствоның өкілдері америкалықтар ұсынған технология жекелеген дақылдар бойынша өнімді 70-80% көбейтуге септесетінін жеткізді. Бұл арқылы Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылға қарай солтүстік өңірлердегі егістік алқаптарын дәлме-дәл егіншілік технологиясына толықтай көшіруді көздеуде. Мұндай үлгідегі озық сынақ алқаптарын еліміздің өзге де аймақтарында ашу жоспарланған. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер біздің аграрлық әлеуетімізді жоғары бағалап, аталған секторда берік әріптестік орнатуға ниетті екендерін білдірді.
– Заманауи ауыл шаруашылығын тек экономикалық тұрғыдан қарастырған жөнсіз болар. Қазір экологиялық мәселелерді назардан қалдыруға болмайды. Сол сияқты аграрлық секторды тиімді пайдаланудың да жолдарын іздестіру қажет. Бұл орайда америкалық компаниялар қазақстандық шаруаларға көмек көрсетіп, кеңестерімен бөлісуге әзір. Неге десеңіз, Құрама штаттардың табиғаты Қазақстанмен ұқсас келеді. Әсіресе Солтүстік және Оңтүстік Дакота штаттарының жері қазақ даласынан айнымайды. Өткен жылы АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс қазақстандық әріптестерімізбен іскерлік байланыс жүргізген еді. Сол кезде біздің делегацияның құрамында 16 ауылшаруашылық компания өкілдері болды. Осы сапар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың артуына ықпал етті, – деді У.Мозер.
«Дала дәні» халықаралық күні аясында А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік егістік алқабында дәлме-дәл егіншілік технологиясына байланысты ақылды суару жүйесінің таныстырылымы өтті. Ерекшелігі сол, жаңа қондырғыны смартфонның көмегімен басқаруға болады. Инновациялық суару жүйесі арнайы ұялы қосымша арқылы іске қосылады. Осылайша аграршылар егіс даласына сабылмай үйінде отырып-ақ шаруасын бітіруіне болады деп сендірді шетелдік инвесторлар.
Америкалық компания Қазақстанда суармалы қондырғы құрастыратын зауытты ашуды жоспарлап отыр.
– Климаттың өзгеруіне байланысты ақылды технологияға көшкеніміз абзал. Өйткені келешекте жаһанда құрғақшылық белең алуы мүмкін. Сондықтан бар ресурстарды тиімді пайдалануымыз қажет. Инвесторлар зауыт салуға үш облысты таңдап отыр. Атап айтқанда, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары. Себебі өндіріс жүргізу үшін газ қоры керек. Шетелдік компания өкілдері Ақмола әкімдігімен тиісті келіссөз жүргізуде. Соның нәтижесінде кәсіпорын қайда орналасатыны белгілі болады, – деді А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев.
Басқосуда диқандар егін шаруашылығына тұсау болып тұрған мәселелерді де айтты. Мәселен, ақмолалық шаруа Георгий Прокофий елімізде салалық ғылыми-зерттеу орталықтары саусақпен санарлықтай екенін, сондай-ақ әкімшілік төлемдерді реттеу үшін бірыңғай аграрлық салықты көп кешіктірмей енгізу қажеттігін жеткізді.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ
1 480 -рет қаралды