Орталықтың ғалымдары өздерінің астық алқабында оқушыларға ашық сабақ өткізді
Жаңалықтар
Научный кентіндегі №1 орта мектептің 5-6 сынып оқушылары үшін жаңа оқу жылындағы алғашқы ашық сабақ өзгеше жағдайда өтті.
№1 орта мектептің мұғалімі Меруерт Серікбайқызы Жылқыбаева кезекті география сабағын А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік алаңында өткізді. Ондағы мақсаты – оқу бағдарламасының тақырыбына сәйкес оқушылардың алған теориялық білімін нақты зерттеу жұмыстарымен ұштастыру, жас ұрпақты ғылымға қызықтыру,туған жерді сүйетін, аялай білетін азаматтарды қалыптастыру болды.
Аталған ғылыми-өндірістік орталықтың қатты бидай зертханасының меңгерушісі Руслан Сағынайұлы мен зертхана қызметкері Татьяна Жигула оқушыларға астық шаруашылығы жөнінде мағлұмат берумен қатар, оның маңыздылығын, саланың ерекшеліктерін атап көрсетті.
Балалар табиғат аясында өткізілген сабақта жайқалып өскен бидай алқабын тамашалап, дән масақтарын, топырақты алақандарымен сезініп, мамандардың қызғылықты әңгімелерін тыңдады. Кезегі келгенде оларға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, жан-жақты жауап алды.