Ауыспалы егістер - топырақ құнарлығын арттырудың жолдары қандай?
Егіншілік жүйесі / Топырақ құнарлығы
Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және оны ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалану мәселерін шешу еліміздегі аграрлық ғылымының басты міндеті. Топырақтың құнарлылығын реттеуде негізгі рөлді ауыспалы егістер атқарады. Бірақ та ауыспалы егістерді ұзақ уақыт бойы пайдалану кезеңдерінде топырақтың құнарлылығын және оны арттырудың әртүрлі әдістерін есепке алмай, тек қана өңделген егістік жерден біркелкі астық өнімділігін арттыруға бағытталған еді. Кезінде негізгі астық өндіріетін өңірлерде топырақты ұзақ уақыт бойы механикалық өңдеу жердің құнарлылығына тигізетін тиімді құралы саналды. Алайда, уақыт өте келе топырақтың механикалық өңдеуі әсерінен әсіресе таза сүрі жер танаптарының жиі қарқынды (жазда 5-6 рет) өңделуі нәтижесінде қарашірінді құрамының мөлшерінің біршама азайып төмендеуіне әкелді және су мен жел эрозиясының пайда болу көрінісі байқалып, нәтижесінде топырақтың құрамының көзге көрінбейтін ұсақ майда бөлікке шаңға бөлінуі сияқты теріс құбылыстар біртіндеп көріне бастады, бұл сөзсіз топырақ құнарлылығының мөлшерінің азайып жоғалуына, яғни біртіндеп тозуына әкелді.
Қазіргі АШҒӨО-ғы (қазіргі А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы) ауыспалы егіс зертханасының көп жылдық стационарындағы жүргізілген далалық аймақтағы ұзақ мерзімді зерттеулері келесі нәтижелерді көрсетті. Далалық ауыспалы егістердің танаптық тәжірибе эксперименттерін жүргізгенге дейін (1962ж) топырақтың 0-20 см қабатындағы бастапқы қарашіріндінің мөлшері 3,9% - ды құрады. Нәтижесінде, Ақмола облысының оңтүстік карбонатты қаратопырақтарындағы өңделген жерлерді 50 жылдан астам ұзақ уақыт бойы 4-5танапты дәнді-сүрлі ауыспалы егістерін егістік алқаптарында біраз уақыт бойы пайдаланғанда топырақтың 0-20 см қабатындағы жалпы қарашіріндінің мөлшері 18,1% - ға дейін азайды, ал 2-танапты ауыспалы егісте жалпы қарашірінді мөлшері біршама азайып 27,7% - ды құрады. Мұның басты себебі, ең алдымен, топырақты жиі механикалық өңдеу мен механикалық құралдарды қолданудың әсерінен эрозияның пайда болуына жағдай жасалды және органикалық заттардың біртіндеп азайып жоғалуына әкелді. Бұл қазіргі заманғы ауыл шаруашылығының басты проблемасы және топырақтың құнарлылығының біртіндеп азаюына алып келеді (сурет-1,2).
Топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мен жақсарту мәселесін шешудің жолдарының бірі, ол өңделген егістік жерлерде көпжылдық шөптер өсіру мен аралық дақылдарды жасыл тыңайтқышқа жырту және т.б. пайдалану болып табылады. Егілген көпжылдық шөптер мен шөп қоспалары, түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жырту және оларды танапта ұзақ қолданғанда жоғалуға жақын органикалық заттар қайтадан бастапқы қалпына келтіріліп және тұрақталады. Бұл жағдайда біртіндеп топырақтағы органикалық заттардың тапшы болмайтын жағдайына қол жеткізуге болады.
Солтүстік Қазақстанның құрғақшылық далалық аймақтарында ең маңызды көпжылдық шөптердің бірі саналатын дақылдар, оның ішінде әсіресе жоңышқа көптеген егіс алқаптары үшін өте жақсы алғы дақыл рөлін атқарады, Сондықтан ауыспалы егісте жоңышқа дәнді-дақылдар үшін ең жақсы алғы дақыл ретінде маңызға ерекше, өйткені жоңышқа болған уақыттың ішінде, топырақтың құрамы анағұрлым жақсарып, органикалық заттары көбейеді және де агрегаттық құрамын тұрақталуын қамтамасыз етеді және ең маңыздысы топырақтың құнарлылығын айтарлықтай қалпына келтіреді. Жоңышқаның арқасында топырақ құрамында қарашіріндінің, азоттың және де басқа қажетті қоректік микроэлементтердің мөлшері едеуір артады. Сонымен қатар суармалы жерлердегі топырақтың тұздану-сорланумен күресуде, жоңышқаның физикалық – химиялық және мелиорациялық атқаратын маңызы зор. Қазіргі таңда өңірдегі астық шаруашылығының ең өзекті мәселелерінің бірі – қарашіріндінің топырақтағы мөлшерін тұрақтандыру және одан әрі қалпына келтіру болып саналады.Сондықтан да жоңышқаны ауыспалы егістер танаптарына енгізгенде өзінің ірі және ұсақ тамырлары азоттың қорын жинап топырақ қабатына қалдырып отырады және топырақта органикалық заттардың неғұрлым көп жиналуын қамтамасыз етеді.
Ақмола облысының оңтүстік қара топырақты аудандарында ауыспалы егіс зертханасы жүргізген зерттеулердің деректері бойынша таза сүрі жер танабының орнына түйежоңышқаны жасыл тыңайқышқа өсірген кезінде топыраққа қосымша 60 ц/га органикалық заттар түсетіні байқалды. Топырақтың 0-40 см қабатындағы нитратты азоттың мөлшері егін себер алдында таза сүрі жер танабына қарағанда, түйежоңышқадан кейінгі себілген жаздық бидай танабында 15-20% - ға артық жиналды. Бес танапты сидералды ауыспалы егісіндегі жалпы қарашірінді бастапқы мөлшері 3,28%-ды құраса, ал үшінші айналымның соңына қарай түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жыртқан кезде қарашіріндінің мөлшері 3,55% -ға дейін көтерілгені байқалды. Көпжылдық бұршақты шөптернұсқалары бойынша қарашірінді бастапқы мөлшерінен (3,43%) айтарлықтай өзгергені байқалмады. Топырақтың 0-20 см қабатындағы жалпы қарашіріндінің мөлшерінің көп бөлігі көпжылдық шөптер мен бұршақты шөптер танаптарында, (еркекшөп + жоңышқа) - 3.64% (+0.21) тек ауыспалы егістің кестесінен төрт айналым өткеннен кейін байқалды.
Сонымен қорыта келе, топырақтағы қарашіріндінің жай-күйін ұзақ мерзімді зерттеудің нәтижесі бойынша ауыспалы егістегі өңделген егістік жерлерде көпжылдық шөптерді 5-6 жыл пайдалану және түйежоңышқаны 2 жыл жасыл тыңайтқышқа өсіру кезеңдерінде топырақтың құнарлылығын едәуір қалпына келтіріп, жақсартатынын көрсетті. Сондай-ақ, ауыспалы егістегі топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және жақсарту үшін егін егу кезінде алғы дақылдарды дұрыс таңдау өте маңызды екенін атап өткен жөн. Мысалы, бұршақ тұқымдастарының тамырларында дамып келе жатқан түйнек бактериялар көмегімен ауадағы азотты сіңіріп алады және азот қосылыстарымен топырақ құрамын байытуына мүмкіндік береді.
Алдаберген ҚИЯС,
А.И. Бараев атындағы АШҒӨО,
Ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі,
А.И. Бараев атындағы АШҒӨО,
Ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі,
12 978 -рет қаралды