Әрбір фермер бөлінетін қаражаттың игілігін көруі тиіс — Әлихан Смайылов


Главная / Жаңалықтар / Жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда бірқатар өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, агроөнеркәсіптік кешеннің, денсаулық сақтау саласының даму барысымен және инвестициялар тарту жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Үкімет басшысы алдымен органикалық және минералды тыңайтқыштарды пайдалана отырып, астық өндірудің жаңа технологияларына көшкен «Namys Group» ЖШС шаруа қожалығына барды.

Өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы баяндамасын тыңдаған Әлихан Смайылов бүгінгі таңда Ақмола облысының алдында тұрған басым міндеттердің бірі егіс науқанын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтау екенін атап өтті. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңіріне арзандатылған дизель отыны жеткізіліп жатыр. Тұқым және минералды тыңайтқыштармен 100%-ға қамтылған.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген несие берілді, оның көлемі 70 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-тың форвардтық сатып алу бағдарламасы 2 есеге ұлғайтылып, 80 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Сонымен қатар мал азығы қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді.


«Ең бірінші міндет – бөлінген қаражаттың әрбір фермерге дейін жетуін қадағалап, көктемгі егіс жұмыстары кезінде туындайтын проблемаларды дереу шешіп отыру», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр облыстағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, олардың ішінде «Агрофирма TНK» ЖШС, «Родина» агрофирмасы» ЖШС, «Приишимье» ЖШС, «Заречное» ЖШС, «Еңбек» ЖШС, «Сандықтау» ЖШС және т. б. бар.

Премьер-Министр шаруалар көтерген мәселелерді мұқият тыңдап, уәкілетті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдегі «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын Ресей және Беларусь өндірушілерімен бірге сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканы құрастырумен айналысады.

Әлихан Смайылов бүгінде қазақстандық компаниялардың жаппай ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды игергенін атап өтті. Мәселен, нарықтағы отандық тракторлар мен комбайндардың үлесі – 90%. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы машинасын жасау бойынша жергілікті қамту жалпы алғанда шамамен 40%-ды құрайды. Осы орайда Премьер-Министр ауыл шаруашылығы техникасы өнімдерімен жергілікті қамту үлесін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.


Үкімет басшысының жұмыс сапарындағы келесі нысан John Deere агротехникасына қызмет көрсететін ТМД-дағы ірі орталық «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС болды.

Әлихан Смайылов жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану еңбек өнімділігін арттыруда маңызды элемент екенін еске салды.

Бұл мақсатта Үкімет машина-трактор паркін инвестициялық субсидиялау, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жаңартып жатыр. Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несие беру (6-7% жылдық мөлшерлеме) бағдарламасы іске асырылуда.

«Аталған шаралардың арқасында ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі қарқын алып келеді. Мұндағы маңызды мәселе өндірісті локализациялау болып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан кейін Премьер-Министр ет, шұжық өнімдері, консервілер мен жартылай фабрикаттар өндіретін «Бижан» ет өңдеу кешеніне барды.

Әлихан Смайылов мемлекеттің кешенді қолдау шараларын іске асыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Импортты азайтып, ішкі сұранысты толығымен жабу үшін отандық өнімдердің өндірісін ұлғайтуымыз керек. Әкімдік фермерлермен жұмыс жүргізіп, субсидиялау кезінде қарсы міндеттемелер қойып, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз етуге жағдай жасауы керек», — деді Әлихан Смайылов.


Ақпарат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсынан алынды
https://primeminister.kz/kz/news/arbir-fermer-bolinetin-karazhattyn-igiligin-korui-tiis-alihan-smayylov-2741521скачать dle 12.0
484 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх