Фермерлердің назарына! Егістікті қорғау шараларын уақытылы жүргізіңіздер
Главная / Жаңалықтар


2026 жылы егістік алқаптарындағы құрғақшылық ауа райы жағдайлары жәндіктердің көбеюі мен зияндылығын арттыру үшін қолайлы орта жасайды. Сондықтан, 2027 жылға арналған болжамдарға сүйене отырып, елімізде дәнді дақылдарға зиян келтіретін жәндіктерге аграршылар көңіл бөлуі қажет! Зиянкестер өсімдіктерді тікелей зақымдап қана қоймай, түрлі аурулардың таралуына да себеп болады. Соның салдарынан егін өнімділігі едәуір төмендеп, өнім шығыны 15–30%-ға дейін, кейбір жағдайларда одан да жоғары болуы мүмкін. Температура мен ауа ылғалдылығының күрт ауытқуы, сондай-ақ жауын-шашынның біркелкі түспеуі зиянкестердің кейбір түрлерінің жаппай көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырады.Шегіртке тұқымдастары (азиялық шегіртке, итальяндық прус, марокколық шегіртке). Құрғақ әрі ыстық жазда олардың көшу белсенділігі күшейіп, егістік алқаптарына жаппай таралып, ауыл шаруашылығы дақылдарына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Бітелер. Температура мен ауа ылғалдылығының күрт ауытқуы, әсіресе жауын-шашыннан кейінгі ыстық ауа райы олардың жаппай көбеюіне қолайлы жағдай туғызады.
Бидай трипсі. Бұл зиянкес әсіресе бидайдың масақтану және дәннің толысу кезеңінде аса қауіпті. Дернәсілдері мен ересек жәндіктері масақты зақымдап, дәнде ақшыл дақтардың пайда болуына және оның деформациялануына әкеледі.
Кенелердің әртүрлі түрлері (атлантикалық өрмекші кене, бидай кенесі). Ыстық әрі құрғақ ауа райы олардың қарқынды көбеюіне қолайлы жағдай жасап, егістік алқаптарына таралып, ауыл шаруашылығы дақылдарына елеулі зиян келтіреді.
Сабақ ішінде жасырын тіршілік ететін зиянкестер (дақылдардың көктеу–түптену кезеңінде): гессен шыбыны, кәдімгі астық егеушісі. Бұл зиянкестер өсімдіктің сабағын зақымдап, оның қалыпты өсуі мен дамуын тежейді.
Қандалалар (үшкір басты элия, зиянды тасбақа қандаласы, шалғындық соқыр қандалалар). Қуаңшылық басым өңірлерде вегетация кезеңінде олар шалғындық астық тұқымдас өсімдіктерден бидай мен арпа егістіктеріне жаппай ауысып, егіске айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Мұндай маусымдарда зиянкестердің экономикалық зияндылық шегінен асып кетуіне жол бермеу үшін егістік алқаптарында фитосанитариялық мониторингті уақтылы жүргізудің маңызы зор. Сонымен қатар, дақылдарды қорғау стратегиясын алдын ала жоспарлаған жөн. Атап айтқанда, зиянкестерге қарсы қолданылатын тиімді инсектицидтерді дұрыс таңдап, олардың санын азайтуға мүмкіндік беретін агротехникалық шараларды дер кезінде жүзеге асыру қажет.
124 -рет қаралды




















