Қазіргі заманғы селекция неден тұрады?
Главная / Жаңалықтар

Селекция – жай ғана ғылыми бағыт емес, ол ауыл шаруашылығын дамытудың және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және сапалы ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың артуы жағдайында Қазақстанға құрғақшылыққа, ауруларға және басқа да табиғи қолайсыздықтарға төтеп бере алатын негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа, жоғары өнімді сорттары барған сайын көбірек қажет. Сондықтан бүгінгі таңда отандық селекцияны дамыту тек ғылымның ғана емес, мемлекеттің стратегиялық болашағының да маңызды мәселесіне айналып отыр.Селекция міндеттерін шешу, селекциялық үдерісті жеделдету және бәсекеге қабілетті сорттарды шығару мақсатында «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты» ШЖҚ РМК ғалымдары бірлесіп кешенді зерттеулер жүргізуде. Зерттеулер селекциялық үдеріске заманауи молекулалық-генетикалық, физиологиялық-биохимиялық және биотехнологиялық әдістерді, сондай-ақ цифрлық фенотиптеу технологияларын енгізуге бағытталған.
Мысалы, цифрлық фенотиптеу міндеттері мультиспектралды және лидарлық камералармен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) көмегімен жүзеге асырылады. Олар әрбір тәжірибелік мөлдек пен нақты сорт үшін вегетациялық индекстердің (NDVI, GNDVI, OSAVI, NDRE, LCI) мәндерін, сондай-ақ егістіктің архитектурасы мен қалыптасқан биомасса көлемі туралы деректерді алуға мүмкіндік береді. Бұл ақпарат өсімдіктердің вегетация кезеңіндегі өсуі мен дамуының ерекшеліктерін бағалауға және олардың даму динамикасын бақылауға жағдай жасайды. Цифрлық фенотиптеудің маңызы ерекше, өйткені өсімдіктердің даму динамикасын бағалаудың дәстүрлі әдістері деструктивті болып табылады. Бұл зерттеу жұмыстарын баяулатып, егістіктің жағдайына кері әсерін тигізеді және кейбір жағдайларда оларды селекциялық тәжірибеде қолдануға мүмкіндік бермейді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024–2026 жылдарға қаржыландыратын «Экономикалық маңызы бар ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясына заманауи молекулалық-генетикалық, физиологиялық-биохимиялық, биотехнологиялық әдістер мен цифрлық фенотиптеуді тәжірибелік енгізу» (BR24992903) бағдарламасы аясында цифрлық фенотиптеу үш дақыл бойынша – бидай, арпа және асбұршаққа жүргізілуде. Қазіргі уақытта 270-тен астам үлгіден тұратын арпа коллекциясы, шамамен 300 үлгіні қамтитын жаздық бидай коллекциясы және 180-нен астам үлгіден тұратын асбұршақ коллекциясы бағалануда. Сонымен қатар, көптеген гибридтік комбинациялар да зерттеліп жатыр.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – селекциялық үдерісті жеделдету, жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген жоғары өнімді сорттарды шығару және адам факторының ықпалын азайту. Зерттеушілер осы мақсатқа жүйелі әрі сенімді түрде қол жеткізу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
16 -рет қаралды




















