"Тәуелсіздік 20" жаздық бидайы 2015 жылдан өсіріледі
Ұсыныстар / Селекция
Авторлары: А.Т. Бабкенов, Т.В. Шелаева, Ж.А. Қасқарбаев, С.С. Мамыкина, С.А. Бабкенова, Л.В. Бекенова.
Лютесценс 129/86 және Целинная 60 сорттарын гибридтеу әдісімен алынған.
Ботаникалық сипаттамасы. Лютесценс түршесіне жатады. Дәні қызыл, орташа, жұмыртқа тәріздес болады (1000 дәннің салмағы — 36-40 г).
Өсіп-өну кезеңі, орташа алғанда, 85-91 күн. Орта ерте пісетін сорттар қатарына жатады. Көктеп-масақтану кезеңі ұзақтау (46-49 күн) болып, ал өсіп-өну кезеңінің екінші бөлігінде бас (дән) салу мен пісіп-жетілуі қарқынды (42-45 күн) жүреді. Даму кезеңдерінің барлық сатыларында құрғақшылыққа төзімді келеді, сондықтан мол өнім береді. Оңайлықпен құлап-жапырыла бермейді. Негізгі аурулар және зиянкестермен зақымдануы — Астана стандартты сорты деңгейінде; тозаңды қаракүйеге төзімді.
Сорт мол өнім беруге қабілетті. Байқау мақсатындағы сортсынағы тәлімбағында үш жылдық сынақ мерзімінде 27,3 ц/га түсім берген, бұл Астана стандартынан 4,2 ц/га көрсеткішке артық. Тәуелсіздік 20 сорты өндірістік сортсынағы кезінде Астана стандартынан 4,9 ц/га көрсеткішке артық өнім берді, бұл жердегі стандарттың көрсеткіші — 28,8 ц/га. «Павлодар ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның экологиялық сынағы мәліметтері бойынша, жаңа сорттың өнімділігі — 18,2 ц/га болды, бұл стандарттан 2,5 ц/га көрсеткішке жоғары.
Астық сапасының көрсеткіштері жөнінен жаңа сорт Астана сортымен деңгейлес: дән көлемінің салмағы — 804 г/л, мөлдірлігі — 58 пайыз, белок үлесі — 13,3 пайыз, шикі ұлпа үлесі — 27,1 пайыз, ұндық-нандық қуаты — 375 е.а., қамырдың сұйытылуы — 103 е.ф., валориметриялық бағасы — 70 е.в., ұндық-нандық қасиетіне берілетін жалпы баға — 4,2 балл, тиісінше стандартқа тән көрсеткіштер: 804 г/л, 61 пайыз, 15,3 пайыз, 34,0 пайыз, 291 е.а., 150 е.в., 4,2 балл.
Сорт төгіліп-шашылып қалмайды, механикаландырылған жолмен орып-жинауға жарамды. 2015 жылдан бастап Ақмола облысында пайдалануға рұқсат берілген.
1 538 -рет қаралды