АШҒӨО-да жас ғалымдардың конференциясы өтті
Жаңалықтар
А.И.Бараев атындағы АШҒӨО-да Академик Мехлис Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына орай «Жас ғалымдардың АӨК-тің инновациялық технологияларына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылыми жиынның мақсаты – магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды қазіргі аграрлық ғылымның өзекті мәселелерін шешуге және агроөнеркәсіптік кешеннің индустриялық-инновациялық дамуына жәрдемдесуге тарту.
Іс-шараның салтанатты ашылуында АШҒӨО бас директоры Кенже Абдуллаев қатысушыларға табысты жұмыс тілеп, сөз сөйледі.
«Жас ғалымдардың АӨК-тің инновациялық технологияларын дамытудағы үлесі өте маңызды. Сіздер ойлап тапқан ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары, өсу стимуляторларына қатысты зерттеу жұмыстарыңыз агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға негіз болады. Осы саладағы тиімді ізденістер заманауи кадрлардың мақсаттары мен міндеттерін анықтайды, сондай-ақ АӨК-ті тиімді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады», - деді К.Абдуллаев.
Конференция аясында 30-ға жуық жас ғалымның еңбегі тыңдалды. Олар Солтүстік Қазақстан АШТС, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Қарабалық тәжірибелік станциясы, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты, Ш.Уәлиханов атындағы ҚМУ және А.И.Бараев атындағы ғылыми ордалардың атынан келді. Барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды.
Іс-шара барысында жас ғалымдар Бараев орталығындағы зертханалардың жұмысымен танысты. Осыған қоса олар арнайы ангарларды, астық қоймалары мен АШҒӨО-ның гараждарын аралап, ондағы машина-трактор және комбайн паркін көріп қайтты.
ФОТОРЕПОРТАЖ: http://baraev.kz/media/suret/564-zhas-alymdardy-ak-t-innovaciyaly-tehnologiyalaryna-osan-les-konferenciyasy.html
1 483 -рет қаралды