Тозған жерді тыңайтудың тиімді тәсілі


Өсімдіктерді қорғау / Топырақ құнарлығы
«Екпесең – жер қысырайды, күтпесең – көл қысырайды» дейді қазақ. Бабын таба алмасаң, топырағы торқадай жердің өзі тозады. Ал топырақтың құнарын сақтау, жерді ауылшаруашылығында тиімді пайдалану бүгінгі таңда отандық аграрлық ғылымның басты міндеттерінің бірі болып отыр.
Жалпы, топырақтың құнарын сақтаудағы басты рөлді ауыспалы егістер атқарады. Өкініштісі, елімізде егістік далаларды ұзақ уақыт пайдалану кезеңінде жердің құнарын қалпына келтіріп отыру, оны арттырудың түрлі тəсіл дері есепке алынбаған. Басты мақсат егістіктерді барынша ұзақ пайдалануға жəне тұрақты түрде мол өнім алуға бағытталды. Əрине, бұл жердің тозуына алып келді.

Кеңестік кезеңде астықты өңірлерде ұзақ уақыт бойы механикалық өңдеу құнарын көбейтуге тиімді əсер ететін əдіс саналды. Алайда уақыт өте келе механикалық өңдеуге ұшыраған, жиі-жиі жыртылған, тіпті жаз кезін де 5-6 рет өңделген танаптарда қарашірінді құрамы төмендеп, жел мен су эрозиясы белең алды. Топырақ құрамы көзге көрінбейтін ұсақ шаң-тозаңға ыдырауы сынды құбылыстар байқалды. Яғни жер тозып кетті.

Қазіргі Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының тарихы ондаған жылға кететіні белгілі. Кеңестік кезеңде институт ауыспалы егіс зертханасының көпжылдық стационарында зерттеу жүргізген болатын. Танаптық тəжірибе жүргізгенге дейін, яғни 1962 жылы топырақтың 20 см-ге дейін гі беткі қабатында бастапқы қарашіріндінің мөлшері 30,9 пайызды құраған болатын. Ақмола өңірінің қаратопырақты алқаптарында 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған дəнді-сүрлі ауыспалы егістіктерде қарашірінді мөлшері 18,1 пайызға азайып кеткені анықталды. Мұның басты себебі топырақты қайта-қайта механикалық өңдеуге байланысты. Жоғарыда айтып кеткені міздей, эрозия пайда болып, топырақ құрамындағы органикалық заттардың мөлшері жыл санап азайып отырған.

Ақмола облысы – Қазақ стандағы астықты ең мол беретін аймақ екенін ескерсек жəне мұндай проблема басқа да өңірлерде бар екенін назарға алсақ, оған айрықша көңіл бөлуге тура келеді. Топырақтың құнарын қалпына келтіру жəне одан əрі жақсартудың жолдары қарастырылған. Бұл үшін өңделген егістік алқаптарында көпжылдық шөп өсіру керек, аралық дақылдарды жасыл тыңайтқыш ретінде жыртқан жөн. Көпжылдық шөптер мен шөп қоспаларын, түйежоңышқаны жасыл тыңайтқыш ретінде жырту топырақтағы жоғалып кетуге айналған органикалық заттардың орнын толтырады.

Ауыспалы егістіктерде көпжылдық шөп егу оң нəтиже беріп жатқан өңірлер аз емес. Мəселен, Солтүстік Қазақстанның шөлейтті өңірлерінде көпжылдық шөптер, оның ішінде жоңышқа егіс алқаптары үшін өте пайдалы дақыл саналады. Ауыспалы егіс тіктерге жоңышқа егілген кезде топырақтың құрамы жақсарып, құнары артады. Жоңышқаның арқасында қарашіріндінің, азоттың жəне де басқа қажетті қоректік микроэлементтердің мөл шері едəуір көбейеді. Суармалы жерлер дегі топырақтың тұздану-сор лануы мен күресуде де жоңышқаның физикалық-химиялық жəне мелиорациялық рөлі зор. Қазіргі таңда өңірдегі астық шаруашылығының ең өзекті мəселелерінің бірі – қарашіріндінің топырақтағы мөлшерін тұрақтандыру жəне одан əрі қалпына кел тіру болып отыр. Сондықтан да жоңышқаны ауыспалы егіс танап тарына енгізгенде өзінің ірі жəне ұсақ тамырлары азот қорын жинап, оны топырақ қабатында қалдырып отырады. Жоңышқаның тамыры топырақта органикалық заттардың неғұрлым көп жиналуын да қамтамасыз етеді.

Ақмола облысының оңтүстік қара топырақтарында ауыспалы егіс зертханасы жүргізген зерттеулерге сүйенсек, таза сүрі жер танабының орнына түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа өсірген кезінде топыраққа қосымша 60 ц/га органикалық заттар түсетіні байқалды. Топырақтың 0-40 см қабатындағы нитратты азоттың мөлшері егін себер алдында таза сүрі жер танабына қарағанда, түйежоңышқадан кейінгі себілген жаздық бидай танабында 15-20%-ға артық болады екен. Бес танапты көп сүр алқаптағы қарашіріндінің бастапқы мөлшері 3,28%-ды құраса, ал үшінші айналымның соңына қарай түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жыртқан кезде қарашіріндінің мөлшері 3,55%-ға дейін көтерілгені байқалды. Көп жылдық бұршақты шөптерді еккен кезде қарашірінді бастапқы мөлшерінен (3,43%) айтарлықтай өзгергені байқал мады.

Қорыта келе, топырақтағы қарашіріндінің жай-күйін ұзақ мерзімді зерттеудің нəтижесі бойынша ауыспалы егістегі өңделген егістік жерлерде көпжылдық шөптерді 5-6 жыл пайдалану жəне түйежоңышқаны 2 жыл жасыл тыңайтқышқа өсіру кезеңдерінде топырақтың құнары едəуір қалпына келетіні дəлелденді. Сондай-ақ егін егу кезінде алдымен егілетін дақылдарды дұрыс таңдау өте маңызды екенін атап өткен жөн. Мысалы, бұршақ тұқымдас тарының тамырларында дамып келе жатқан түйнек бактериялар ауадағы азотты сіңіріп алады, сөйтіп топырақ құрамын байытады.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшы сының нұсқауымен, Үкіметтің қолға алуымен елімізде аграрлық саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ал аграрлық сектордың негізгі тірегі – құнарлы жер, сол жерді тиімді пайдалану. Бабаларымыз «Байлықтың анасы – жер, атасы – еңбек» дегенді тегін айтпаса керек. Осы ен байлықты елдің игілігіне жаратқымыз келсе, жердің азып-тозбауына, құнарының қалпына келіп отыруына көңіл бөлген жөн.

Алдаберген АЛДОҢҒАРҰЛЫ, А.И.Бараев атындағы
Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы
ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі
скачать dle 12.0
3 446 -рет қаралды

Басқа да


Серіктестер
Наверх Наверх