Александр Афанасьевич Гудзенко
Тарих беттері
Александр Афанасьевич Гудзенко – Солтүстік Қазақстандағы бағбаншылықтың жетекші селекционерлерінің бірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.
1958 жылы Қарағандыдағы тұтқындар лагерінен ақталып шыққан бір топ ғалым БАШҒЗИ-ға жұмысқа келеді. Олар А.А.Зайцева, К.Д.Постоялков, А.А.Гудзенко және В.А.Мохов болатын. Бұл адамдар Қазақстанның солтүстігіндегі ғылыми-зерттеу институтында ғылымның іргетасын қалады.
А.А.Гудзенко 1958 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын алуға «Солтүстік Қазақстанда қараөріктің жаңа сұрыптарын шығару тәжірибесі» тақырыбымен диссертация қорғайды. Ал арада біраз уақыт өткен соң, 1965 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы атағын алу үшін «Солтүстік Қазақстанда бағбаншылықтың жағдайы және оның даму перспективалары» диссертациясын қорғады (Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу академиясы, Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты).
Александр Афанасьевич «Целинное медовое» және «Целинное красное» алма сұрыптарының авторы болып табылады. Ол жеміс-жидек дақылдарымен жұмыс істеуді Қарағанды облысындағы Долинка тәжірибелік алқабында концлагерьлердің саяси тұтқыны ретінде жүрген кезінде бастаған. Қамаудан босап шыққан соң Шортандыдағы тәжірибе станциясына жұмысқа шақырылып, онда жеміс-жидек дақылдарымен ғылыми-зерттеу жұмысын қолға алып, жетекшілік етті. Ол қараөріктің «Долинская красавица», «Долинская вишневая», «Долинская плакучая» сұрыптарын шығарды. Ірі жемісті қытай доланасын жергілікті итмұрынмен будандастыру арқылы итмұрынның будан формасы өмірге келіп, декорациялық көшет ретінде кеңінен көбейтілген. Аталған итмұрынның жемісі ерекше дәмді, дәрілік қасиетке ие және халық медицинасында қан қысымы ауруларын емдеу үшін пайдаланылады.
895 -рет қаралды