Ғылымды коммерцияландыру
Жаңалықтар
2019 жылдың қараша айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде аграрлық ғылымды дамытуға арналған кеңес өтті. Іс-шара барысында ҚР АШМ бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров өсімдік шаруашылығы саласындағы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру туралы мәселе көтерді.
«А. И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС-да осы бағыт бойынша оң тәжірибе бар. 2016 жылы біздің Орталықта ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бөлімі ашылды. Сол сәттен бастап 32 шарт жасалып, 108 млн. теңге көлемінде роялти жиналды. Оның 32,4 млн. теңгесі ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарының авторлары, яғни ғылыми қызметкерлерге төленді. Алайда барлығы ойдағыдай емес. Коммерцияландыру өте нашар ұйымдастырылған.
Өкінішке қарай, шешілмеген мәселелер әлі де бар. Коммерцияландыру бөлімінің мамандары элиталық тұқым өсіру және тұқым өсіру шаруашылықтарымен лицензиялық шарттар жасасады. Оған сәйкес бұл шаруашылықтар сатылған тұқым көлемінен белгілі бір соманы (роялти) аударуы тиіс. Алайда барлық шаруашылықтар сату көлемін нақты және дұрыс көрсетпейді, ал біздің Орталық бұл процесті бақылай алмайды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бізге көмек көрсету қажет. Бұл ақпарат облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларында бар, бірақ Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бұл ақпарат коммерциялық құпия болып есептеледі. Сондықтан бәрі роялти төлейтін кәсіпкерлердің беретін сөзіне байланысты.
Сондай-ақ, Қазақстанда селекционердің орташа жасы – 55 жас. Жастар бұл салаға бара бермейді, болашағын байланыстырмайды, себебі оларды жалақы қанағаттандырмайды. Бұл қауіпті құбылыс. Өсімдік шаруашылығы селекциядан басталады. Егер селекционерлер болмаса, тұқым шаруашылығы да болмайды,сәйкесінше, өсімдік шаруашылығы саласы да дамымайды.
Коммерцияландыру селекционерді табысты сорттар жасауға ынталандырады. Жасалған сорт қаншалықты жақсы болса, селекционер соғұрлым көп сыйақы алады. Бұл ынталандырудың өте тиімді нарықтық құралы. Ол жұмыс істей бастағанда селекциялық ғылымның беделі өседі және жастар осы мамандыққа келе бастайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы селекциялық ғылымдағы қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық танытып, жиналып қалған мәселелерді шешу үшін әрекет етіп жатқаны қуантады. Біз сияқты ғалымдар үшін бұл өте маңызды, себебі біз салған күш-жігеріміздің ақталғанын қалаймыз. «Мемлекет-бизнес-ғылым» бірлестігі және коммерцияландырудың тиімді жүйесін енгізудің арқасында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда үлкен табыстарға қол жеткізуге болады.
Осы жағдайды пайдалана отырып, біз, А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары бизнеспен ынтымақтасуға үлкен қызығушылық танытамыз және өндірістің өсуіне тиімді әсер ететін технологияларды жеке тарапта әзірлеуге және енгізуге дайынбыз.
Ауыл шаруашылығы дақылдары селекциясы бөлімінің меңгерушісі, А. ш. ғ. к. Бабкенов А. Т.
1 848 -рет қаралды